Көктөбеде қураған шөп шабылып жатыр

Көктөбеде қураған шөп шабылып жатыр

Өрт шарпыған Көктөбе тауындағы өсімдік әлемі мен жеміс ағаштарына келген залал анықталады. Бұл жөнінде «Парк «Көктөбе» серіктестігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі уақытта демалыс орнының қызметкерлері тау беткейлеріндегі қураған шөпті шауып жатыр. Себебі өрт қаупі әлі сақталады. Бүгін қалада күн райы +35 градусқа дейін жетті. Айта кетейік кеше тілсіз жаудың салдарынан 3 гектарға жуық жер өртенді. Бірақ, өрт сөндіру қызметі қызыл жалынның кең таралуына жол бермей дер кезінде өшірді. Зардап шеккендер жоқ. Үйлер мен өзге де ғимараттарға нұқсан келмеген. Көктөбе 2019 жылы да өртенген. Ол кезде 20 гектар жерге зиян келген еді. Жасыл желекті қалпына келтіру үшін парк қызметкерлері екі жылдан бері жаңғақ пен алма ағаштарын отырғызып келеді. Алайда, кешегі өрт жас ағаштардың біразын шарпып өтті.   

Фархад Уәлиев, «Көктөбе саябағы» ЖШС өкілі:

- 2021 жылы күздің күні жаңғақ түптен 1500 түп отырғызылды. Оның үстіне қалалық әкімдік көмектесіп тұрады. 2020 жылы яблони сиверстен 5 мың түп отырғыздық. Осылай өрттің алдын алу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Өзіміздің Алматымыздың алмасын жаңартсақ па деген сондай бірінші мақсатымыз сол.