Алашорда үкіметінің мүшесі Әлімхан Ермеков жатқан қорым қалпына келтірілетін болды

Қарағандыда Мемлекет және қоғам қайраткері, тұңғыш математик, Алашорда үкіметінің мүшесі Әлімхан Ермеков жатқан қорым қалпына келтірілетін болды. Себебі елім деген азаматтың зиратын табу қиындап кетті. Уақыт өте келе қорым аясы кеңейіп, қай бейіт кімдікі екенін ажырату мүмкін болмай барады. 

Бастамашыл топ бейіттің ендігі бейнесі қандай боларын талқылау үшін қорым басына арнайы барды. Мұнда өзге ұлт өкілдерімен қатар аты алашқа танылған Әлімхан Ермековтың жаны жай тапқан. Енді бұл орын мүлде басқа кейіпке енеді.   

Құдайберген Бексұлтанов, қалалық мәслихат хатшысы:

- Әлімхан Ермековтың қазаққа еткен еңбегін бағалауымыз біз үшін үлкен міндет. Осы жерде гүлзар жасап, абаттандырып, осыны қалыпқа келтіреміз деген ойымыз бар.

Әлімхан Ермековтың Қарағандыда ескерткіші, ғалым атындағы мектеп пен орталық көше де бар. Алашшыл азаматты жерлестері де мақтан тұтады. Және аталған бастаманы толық қолдап отыр.  

- Менің ойымша, бүкіл қазақ Ермековты білуі керек. Себебі ол Қазақстаннан шыққан ең алғашқы тұңғыш математигіміз.  

- Бұл қала тұрғындары үшін маңызды жоба.  Қаншама жерлестердің жақындары осында жерленген. Соның ішінде танымал адамдар бар. Оларға құрмет көрсету бізге міндет.

Осылайша депутаттар ескі қорым басын, келгендер адаспай тауып, құран бағыштайтын жерге айналдырмақ. Жобаға қаржы жергілікті бюджеттен келер жылы бөлінбек. Депутаттарды бизнес өкілдері де қолдап, көмек көрсетеміз деп отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар