Көкшетауда ғасырдан астам тарихы бар мешіт халыққа қызмет етеді

Көкшетауда ғасырдан астам тарихы бар мешіт халыққа қызмет етеді

Көкшетауда бір ғасыр бұрын салынған мешіт бар. Ғибадатхана 1903-1904 жылдары тұрғызылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір деректерде құлшылық үйінің құрылысы XIX ғасырдың аяғында басталды деп айтылады. Нысанның қабырғасы ағаштан тұрғызылған. Ғасырдан астам тарихы бар мешіт әлі күнге дейін халыққа қызмет етеді. Нысанды салуға көкшетаулық діндар, ғалым, ел арасына Науан Хазірет деген атпен танылған Наурызбай қажы Таласұлы мұрындық болса, құрылысқа татар көпестері мен жергілікті қалталы азаматтар қаржы бөлген. Кеңес одағының тұсында 60 жылдан астам басқа мақсатта пайдаланылған мінәжат үйі, өткен ғасырдың 80 жылдары қайтадан мешіт боп ашылды. Қазір оның жанынан жаңа мешіт бой көтерген. Ал ескі ғимарат дәрісхана ретінде жұмыс істеп тұр.

Рысбек Дабаров, «Жақия қажы» мешітінің наиб имамы:

– Қазіргі таңда бұл ғимарат мемлекет тарапынан тарихи және мәдени мұраларды қорғау және де Мүфтият тарапынан да құнды ескі тарихи мешіттер тізімінде. Болашақта бұл мешіттің жанынан медресе салынбақ. Әрі қарай кешегі діни тұлғалардың, Науан Хазірет сынды, Жақия қажы сынды дінге қызмет еткен тұлғалардың ізін жалғастыру мақсатында қасында медресе тұрғызылмақ.