«Amanat» партиясының араласуымен Қарағанды облысында 1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов «Жер аманаты» комиссиясының мүшелерімен бірге Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесіп, жайылымдық жердің жетіспеушілігіне қатысты өзекті мәселені талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің құнарсыздануы, құдық тапшылығы, субсидияның төмен деңгейі, дизель отынының бағасы және тағы басқа мәселелерді көтерді.

Асхат Оралов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан және жеке меншікке заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде жұмыс жүргізілуде. «Жер аманаты» комиссиясының міндеті – ауыл тұрғындары үшін жайылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Үш айдың ішінде «Amanat» партиясының араласуымен 10 өңірде 1,6 млн гектардан астам жер қайтарылды. Оның ішінде Қарағанды облысында 1 млн гектар жайылым мемлекет меншігіне өтті. Біз бұл істі тоқтатпаймыз. Осы бағыттағы тұрақты жұмысты жалғастырамыз.