Отан алдындағы борышын өтеуге жастар неге асықпайды?

Елімізде мыңдаған азамат әскери міндетін орындаудан қашып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел  бойынша күзгі әскер қатарына шақыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл 760 мыңнан аса азамат әскери есепте тұр. Жоспар бойынша 18 мыңға жуық бозбала  әскери комиссариатқа шақырту алады. Алайда олар медициналық тексеруден өтуге асықпайды. Мәселен, елорданың өзінде 3 мыңнан аса азамат тексеруден өтпеген. Ал көктемгі науқан қорытындысы бойынша 5 мыңнан астам азамат іздестірілуде.

Руслан Тапашев, ҚР Қарулы күштері департаментінің басқарма аға офицері:

- Біздегі негізгі проблеманы атап өтсек, ол іздеуде жүрген әскерге шақырылушыларды іздестірудің төмен тиімділігі. Одан кейін әскерге шақыру коммиссияларындағы медициналық коммиссиялар, соның ішіндегі тар саладағы медициналық білікті мамандардың жетіспеушілігі деп атап өтуге болады. Қазіргі таңда қандай себептерге байланысты екендігі белгісіз, бірақ әскерге шақырушылардың көбінің денсаулық жағдайына байланысты кішкене проблемалар туындайды.

Наргиз Бекмағанбетова:

- Биыл  әскер қатарына 18 мыңға жуық азамат шақырылады. Оның ішінде Қарулы күштерге шамамен 8 мың, Ұлттық Ұлан құрамына 6 мың, шекара қызметіне 3 мың жас сарбаз қабылдану жоспарлануда. Одан бөлек, басқа да әскери құрылымдарға 400-ден астам адам қабылданады. Алайда қазір жастар арасында өз қалауымен әскерге сұранып барушылар аз. Себебі неде?

Заман талабына сай Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде «Біз сені күтеміз, бауырым» атты бейнероликті жүктеп, жастарды әскерге шақыруда.

Бірақ бұл тепсе, темір үзетін Төребекке әсер етпеген сияқты. Біздің кейіпкеріміз әскери борышын өтеуге құлықсыз.

Төребек, қала тұрғыны:

- Әскерге бармай-ақ отан алдындағы борышты өтеуге болады деп ойлаймын. одан бөлек, әскердегі түрлі жағдай. Бейбіт күнде қаншама сарбаз өліп жатыр. оның өзі кеудеге күдік ұялатады ғой. Бізде «Отанды қиналып қорғау» деген түсінік бар. Ата-анам да қажеті жоқ деп санайды.

Жыл басынан бері мерзімді қызметтегі 10-нан астам жауынгер қаза тапқан. Бейбіт уақытта сарбаздардың денсаулығы мен өліміне әкелетін армиядағы проблемаларды парламент депутаттары да көтерді.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Біз әскердегі суицид туралы қайғылы оқиғаларды жиі естиміз. Әрине, қазір әлеуметтік желіде ақпарат тез әрі жаппай тарайды. Егер әскердің халі осындай болса, онда әскери қызметке дайындау туралы не айтуға болады ?

Осы тұста министрліктің бастамасымен ғылыми, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Өмірді сақта» кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр. Жауаптылардың айтуынша, жоба әскердегі олқылықтардың алдын алуға бағытталған.

Бауыржан Кәрімов, ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие жұмысы басқармасының бастығы:

- Таяуда «Өмірді сақта» бағдарламасын іске асыру жөніндегі жоспарды Қорғаныс министрі бекітеді. Жоспар бекітілгеннен кейін аталмыш жоба қарулы күштерде, басқа да әскери құралымдарда іске асырылады.

Айта кетейік, бұл бастама суицидтің алдын алу, сондай-ақ құмар ойындарға құмартатын әскери қызметшілерді анықтауға сеп болады.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ақылбек Есімсейітов