Қарағандыда мектеп автобустары жаңартылады 

Қарағанды облысында мектебі жоқ 121 шалғай елді мекеннен 1200-ден астам оқушы басқа мектепке тасымалданып оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жұмыстар толық ұйымдастырылғанымен, білім ордасы автобустарының ескіруі мен талапқа сай келмеуі өзекті проблемаға айналған болатын. Осы олқылықты жою мақсатында өңірдің білім басқармасы биыл Саран қаласынан шығатын 27 жаңа автобус сатып алмақ. Олардың алғашқы легі шалғай елдімекендерге арнайы табысталды. Жаңа автобустар барлық заманауи талаптарға сай, қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп рюкзактарына арналған сөрелермен, есіктер ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және жылдамдығы км/сағатына 60-тан аспайтын тежегішпен жабдықталған. Облыстық білім басқармасының балансындағы 70 автобустың көбінің тозығы жеткен, енді олар лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында кезең-кезеңмен жаңартылмақ.

Гүлдана Нұрсұлтан, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгін сол 27 автобустың 5-уі Қарқаралы, Бұқар жырау және Абай аудандарына кетеді. Бүгінгі таңда барлық қауіпсіздігін сақтай отырып, оқушыларды мектепке дейін тасымалдау 100 пайыз қамтылған.