Науқастар неге шетелге әуес

Науқастар неге шетелге әуес

 Облыстық онкодиспансер қоймасында 20-дан астам тоңазытқыш бар. Әрқайсы дәрі-дәрмекке лық толы. Кейбір медпрепарат бағасы 3 млн теңгеге дейін барады. Олар  мемлекет қаржысына сатып алынған.

Бұл жерде дәрігердің нұсқауымен тегін босатылады. «Шетелде операция жасатқан науқасқа ағзаны оңалтуға қажетті дәрілерді өзімен бірге беріп жібереді. Алайда елге жеткенше күшін жойып, пайдаға жарамай қалады» - дейді мамандар.

Нұрсұлтан Жолдасов, дәрі-дәрмек қоймасының меңгерушісі:

- Көптеген науқастар адамдардың үгіттеуімен шетелге барып қымбат дәрілерді сатып алады, пәленбай млнға кредит алып. Мына жаққа алып келгенге дейін температураны сақтау режимдері болады. Оларға сай келмей қалады. Ол дәрілер өзіміздің онкологияда бар.

Емдеу мекемесінде 20-ға тарта науқас химиялық ем қабылдап жатыр. Жетібай ауылында тұратын Жұбатқан Бекмағанбетов тоқ ішектен ісік табылып, операция жасатқан. Биыл 2-ші жыл оңалту курсынан өтіп жүр. Бұған дейін Ақтауда жекеменшік емханаға қаралып, әжептәуір ақша жұмсағанын айтады.  

Жұбатқан Бекмағанбетов, ауыл тұрғыны:

- Жақсы деген соң барып көріп едім. Оған қаражат керек. 2 укол алсам, млн ақша. Мында әншейін. Ешқандай ақша төлемейсің. Тамағы жақсы. Тап-таза. Алматыда да мұндай емес. Мен бардым ол жерлерге де, жаттым талай.

Ғаламторға кірсеңіз шетелде емделуге шақырған хабарландырудан көз сүрінеді. Түркияға, тағы басқа мемлекетке барып таңдаулы деген емханаға қаралуды ұйымдастырып беретін адамдар Ақтаудан да табылады. Кейбіріне телефон шалып, көрсетілетін қызметтің бағасын сұрадық.

Луиза Молочаева, шетелде емделуді ұйымдастырушы:

- Ауруына байланысты адамның. Біз жекелей қызметімізге ақша алмаймыз. Толығымен клиникаға төлейді. Клиникадан біз өз процентімізді аламыз. Жол пұлын, жататын жерін баратын адам өзі төлейді. Бізбен договорда болған соң олар бағасын түсіреді, пациенттеріміз үшін. Қазақстаннан талдама нәтижелерін көп жағдайда қабылдамайды. Сондықтан олар өздеріне шақыртады.

Маңғыстау облысында қатерлі ісікке шалдыққан 4 мыңнан астам адам есепте тұр. 50%-і І және ІІ дәрежелі. Қалғаны өте ауыр түрі. Дәрігерлердің айтуынша, көп жағдайда ішек, сүт безі мен терінің қатерлі ісігі тым кеш анықталады. Сол себепті тұрғындарды жыл сайын тегін онкологиялық зерттеуден өтіп тұруға шақырады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев