Шымкентте шебердің үйі туристік орынға айналды

Бейісбековтердің өнердегі өз жолы, өзіндік дара стилі мен ерекше қолтаңбасы қалыптасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда келген әрбір саяхатшы ұлттық өнердің тарихын танып, жасалу технологиясымен таныса алады. Осылайша шеберлер үйі туристерге арналған қолайлы ортаға айналды.

- Мына қағысты білесіз ғой бұл кезде іштегі адам ер кісінің келгенін біледі. Ал мына қағастан кейін әйел адам шығуы керек....

Отағасы Болатбек Бейісбеков – сурет өнерінің хас шебері. Ол қазақтың қолөнерін де меңгеріп, халық арасында кеңінен дәріптеп жүр. Өйткені табиғи таза өнімге сұраныс пен қызығушылық жоғары,-дейді. 

Болатбек Бейісбеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

- Біздің ата-бабамыздың өнері қалай құрылғанын, қалай істелгенін көрген кезде ішіне үңілсеңіз сіз қазақ болып туғаныңызға мақтанасыз. Оның түр-түсін, бояп шығару, оның бәрін таңдау, жіпті тартқан кезде оның математикалық есептері сол кезде сіз дана халық екеніңізді білесіз. Шетелден қонақтар келген кезде қызыққанын көресіз.

Қаннан келген қасиет ұл-қыздары мен немерелеріне де дарыды. Өнермен өмір сүретіндер түскиіз тоқып, ат әбзелдерін күміспен өрнектейді. Сурет салып, киіз басып, алаша да тоқиды. Бұл көркемсурет галереясын ашуға деген ұмтылысты қуаттай түсті. 

Күләш Айдарбекова, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

- Кейіннен қарасақ біздің бала-шағамыз, немерелеріміз осы бетбұрыстары біздің шығармашылық жақа ауғаннан кейін әрі қарай бізді жалғастырып кететін ұрпақтарымыз бар деген сеніммен осы галереяны сеніммен аштық.

Отбасы мүшелері жас суретшілермен тәжірибе алмасып, көрме өткізуіне де қолдау көрсетеді. Ал жоғары оқу орнындағы студенттерге ұлттық өнердің мән-маңызын түсіндіріп, тегін шеберлік сабағын береді.

Мадина Ахметова, Бейісбековтер әулетінің келіні:

- Қызығатын адамдар өте көп. Олар тарихын білгісі келеді. Қол өнермен танысқысы келеді. Сол бағытта бізге студенттер көп келеді. Оларды біз практикаға дайындап, осындай ұмыт болып бара жатқан кілем тоқу, алаша тоқу, киіз басу өнерімен таныстырып, маман ретінде дайындап шығарамыз.

Туристік орынға арнайы келгендер үшін қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары насихатталады. Тур операторлар да ұлттық өнерді бағалайтын жандарға жол сілтеп, Бейісбековтер әулетін таныстырып жүр.

Нұрсұлтан Есқараев, турист:

- Мен білемін осында тамаша үлкен жанұя бар екенін. Отбасы мүшесінің барлығы өнер адамдары екенін. Мен үшін өте қызық болды сондықтан уақытымды туралап келіп, өнерлерімен танысуға тура келді. Алған әсерім өте керемет.

Ұлттық дәстүрдің қайнарына жыл он екі ай бойлайтын жанұя мүшелері әрбір істің үлкен талғаммен атқарылатынын айтады. Өйткені қазақ қолөнеріне кір келтіріп алудан қорқады. Керісінше ұлттық нақышын бұзбай киім-кешек пен былғарыдан тігілген аяқ киімдерді заман талабына сай жасап шығарады.  

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов