Павлодар облысында жолдар сапасыз салынған

Павлодар облысындағы Баянауыл ауданының орталығында жөндеуден өткен 12 көшедегі жолдың сапасы сынақтан өтпей қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жыл бұрын жаңартылған жол төсемдері үгітіліп жатыр. Кедір-бұдыры көп жолды қабылдамай қойған жергілікті әкімдік пен мердігер ұйым соттасып та үлгерген. Құны 103 миллион теңгеге түскен жоба сәтсіз аяқталды. Мамандар оның себебін сапасы нашар құрылыс материалдарынан көріп отыр.

Бір жыл бұрын жөндеуден өткен жолдың жағдайы осы. Асфальт төсемі үгітіліп, қиыршық тастары жолдың үстінде шашылып жатыр. Орташа жөндеу жұмыстарын жүргізген компания соттың шешіміне орай жауапсыз мердігерлер тізіміне енгізілген.

Жанат Сейітқұлов, Баянауыл ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

– Ауылдық бюджеттен ақша бөлінді 103 миллион, сол игерілді бірақ бүгінгі күні қолданысқа қабылданбай отыр әкімшілікпен. Себебі жаңағы жол сынақтарын көтере алмады жаңағы жасалынған жол. Сол себепті сот отырысы болды. Оның шешімі қабылданды. Шешімі қабылданғаннан кейін жаңағы істелген жұмыстарына төленді қалған қаражат қайтадан ауданға қайтарылды.

Құрылыс нысанындағы олқылықтарды жол активтері ұлттық  сапа орталығының мамандары анықтады. Осыдан бір жыл бұрын орташа жөндеу жұмыстары  Баянауыл ауданындағы 12 көшеге жүргізілген.  Алынған  сынамалардың бәрі бірдей   талапқа сай емес.

Талғат Қайратхан, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК поф директоры:

Жеті сынама алынған. Жеті сынама бойынша зертханалық жұмыстар жүргізіліп, барлық сынамалар талапқа сәйкес еместігін анықтадық. Соған байланысты әкімшілік өз тарапынан бұл жұмыстарды қабылдамады. Әрине асфальтбетон қоспасының өзінің арнайы талаптары бар. Соларға байланысты бұл осы жылдың көктемгі уақытынан бастап осындай ақаулықтар пайда бола бастады.

Жалпы орташа жөндеу жұмыстары 4 жыл мерзімге жоспарланып жасалады. Тапсырыс беруші қабылдап алғаннан кейін, кепілдеме негізінде мердігер ұйым екі жыл бойы нысандағы ақауларды жойып отыруы шарт. Баянауыл ауданында жүзеге асып жатқан тағы бір ірі жоба – Қарашат-Жаңа жайма бағытындағы автокөлік жолы.

Алтынбек Мешітбай, Жайма ауылының тұрғыны:

Жақсы жол. Сол ауылға дейін жол салып берсе тағы да нұр үстіне нұр болатын еді. Қаншама халық бар арғы жақта. Ауылдан кетіп жатыр дегендей осы жолдың несіне байланысты соны істеп берсе жақсы болар еді.

Алтынбек Мешітбайдың айтып отырғаны Жайма ауылының мәселесі. Ол жаққа жаңа жол әлі салынған жоқ. Жолаушылар қырық шақырымын грейдермен салынған жолмен жүріп өтуге мәжбүр. Ал Қарашат – Жаңа жайма автокөлік жолындағы орташа жөндеу аяқталуға жақын. Ұзындығы 30,2 шақырым жол жаңартылыпты.

Мирас Қали, Баянауыл ауданы экономиканың нақты сектор бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Биылғы жылы бізде 807 миллион теңге қаражат бөлінді облыстық және республикалық бюджеттен. Ұзындығы 30,2 шақырым  жаңағы асфальт жабындысы төселді. Бүгінгі күні жұмыстар аяқталды деп айтуға болады. Енді суағарларын орнату жұмыстары қалды.

Салынып біткен жолдың сапасы жіті тексеріліп жатыр. Ол үшін жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары әрбір шақырымынан қырыққа жуық сынама алды.

Талғат Қайратхан, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК поф директоры:

– Барлық сынамалар әзірге биіктігі бойынша сәйкес келіп отыр. Бірақ толық қорытындысын біздің зертханамызда зерттеу жүргеннен кейін ақпарат береміз. Негізі бұл халықтың көптен күткен жолы. Үш жылдан бері бұл жол туралы айтылып келе жатыр. Жол енді холодное ресайклирование дейміз сол бағытта жасалған. Ол жаңа тәсіл. 2016 жылдан бері біздің өңірімізде, Павлодар өңірінде пайдаланылып келе жатыр.

Мұндай тәсілмен салынған жолдардың сапасы жоғары, пайдалану мерзімі ұзақ болады дейді мамандар. Баянауыл ауданы бойынша Теңдік-Ұзынбұлақ, Жаңа тілектен Жайма ауылына дейін автомобиль жолы жоқ. Жоба дайын. Сараптама қортындысы шыққаннан кейін бюджеттік өтінім тапсырылады. Қаражат бөлініп жатса, жұмыс алдымыздағы жылы  басталады, дейді әкімдік өкілдері.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат