Алматыда дәстүрлі «Alma Fest» фестивалі өтті

Бүгін Алматыдағы тұңғыш президент саябағы алмаға толды. Қалада үш күннен бері қала күні тойланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның ішіндегі халық көп жиналған шараның бірі «Alma Fest» фестивалі. Он бірінші мәрте ұйымдастырылған шараға жиылған жұрт көп. 54 гектарлық саябақ бүгін тұрғындарға тарлық еткендей. «Alma Fest» аясындағы мерекелік шара 10 бөлімнен тұрды. Ұлттың тарихынан сыр шертетін көрме, жас суретшілер орны, спорттық сайыс, жәрмеңке, отбасылық демалыс сынды тағы бірнеше аймақтары бар.

Ауа райы да керемет, қатты қуаныштымын осы Алматы қаласынан болғаныма. Мен жылда осы Алма фестті қалдырмаймын.

Қонақтарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Бүгінгі күніміз ашық, ақжарқын, денаулығымыз мықты болсын!

Бүгінгі шараға біз көп бала-шағамызбен келдік, бірнеше адам болып сіңілім, бауырым бәріміз. Керемет күшті болып өтіп жатыр, жылдағыдан ерекше сияқты.

Мерекелік шараның басты тақырыбы – алма. Сондықтан да көптеген сайыстың жеңімпаздары алмамен марапатталып, қонақтар үшін әртүрлі сорттағы 100 тонна жеміс ұсынылды. Мысалы, қайратты қала тұрғындары қол күрестіріп, қошқар көтеріп бақ сынады.

Ермек Саятов, қала тұрғыны:

Күш сынап көрейік дедік. Негізі онша көтерем деп ойлағам жоқ, көтердік Аллаһтың қалауымен. Қошқардың салмағы емес бұл жерде көтерудің ыңғайсыздығы, ыңғайсыз болады екен көтергенге. Сол жері ғана кішкене қиындау келді. Қозғалады тірі жан ғой.

Дәстүрге айналған «Alma Fest» осымен 11-рет өтті. Шара қала күні мерекесінің айнымас бір бөлшегіне айналған.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев