Абай облысында өрт сөндіру бөлімдері жұтап тұр

Бесқарағайдың біраз ауылында өрт сөндіру техникасы жоқ. Тілсіз жаумен күресерге маман да аз. Сол себепті жергілікті жұрт отты өз күштерімен сөндіруге мәжбүр, деп хабарлайды «хабар 24».

Иә, шалғайдағы жұрт қолда барымен амалдайды. Бірақ өрт күш бермей кетсе қайтпек? Кривинка – ат төбеліндей ғана ауыл. Елді мекенде өрт бола қалса, оны сөндіретін не техника, не маман жоқ. «Биыл ондай жағдайлар көп болған», – дейді көнекөз қариялар.  

Орал Баймолдінов, Кривинка ауылының тұрғыны:

– Жанымызда мынау тоғай бар. Жақсы өте әйбат, әдемі жерлер. Соның бірсыпыра жерлері жанып кетті. Сосын мынау біз Қабақ дейміз осы арадан 5 шақырым жер біздің. Сол арада жазғы июннің 18-інде бірсыпыра осы ауылда істедім ғой бір 40 мың гектар жер жай жанды.

Негізі өрт сөндіру техникасы бар. Бірақ сынып тұр. Ал оны жөндеуге бюджетте ақша жоқ. Сондықтан тұрғындар өрт кезінде өздері шелек алып жүгіреді.

Тілек Байзақов, Жетіжар ауылдық округінің әкімі:

– Енді өз күшімізбен сөндіреміз өрттерді. Одан кейін ПЧ ауданнан келеді. Бірақ олар келгенше өте алыс 90 шақырым. бізде КХ-лармен меморандумдар құрылады. Сол шаруа қожалықтары шығып, бірлесіп сөндіреміз дала өрттерін.

Өйтпеске амал жоқ. Тұрғындар «101»-ге хабарлауын хабарлайды. Өрт сөндірушілер аудан орталығынан артынып-тартынып жеткенше кеш болады. Екі аралық 100 шақырым. 

Алмас Тастенбеков, Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– Өрт сөндіру техникаларын сатып алуға мүмкіндік болмай тұр. Жақын арада осы жаңа облыс құрылып жатыр. Соған тағы да осындай тірек пунктерді қамтамасыз етуге және де арнайы өрт сөндіру техникаларын сатып алуға 2023 жылға бюджеттік өтінім жасап жатыр.

Ал өрт – тілсіз жау. Кез келген күнде лап етуі мүмкін. Мәселен, жыл басынан бері Бесқарағай ауданында 140-қа жуық өрт тіркелген.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Медет Өмірхан