Ақтөбеде жаңа көпірдің асфальт жабыны қирап жатыр

Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл көпір Ақтөбенің  транзиттік дәлізінің бірі болуы тиіс еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күнделікті жүздеген ауыр жүк көлігі дәл осы жолмен Ақтөбені айналып өтіп жатады. Дегенмен де өзінің тікелей міндетін атқарып отыр деп айтуға ауыз бармайды. Себебі жол бетіндегі асфальт жабындысының сапасы ешқандай сын көтермейді.

Салдарынан ескі өткелдерде көлік нөпірі азайған жоқ.  Ал, бұл жолмен транзиттік көліктерден бөлек, осы айналада тұратындар ғана жүреді. Көпірге жақындай  бере жылдамдықты мейлінше азайтуға тура келеді. Шұрық-тесіктерді айналып өту үшін ,  жолдың қарсы бетіне шығып кететіндер де бар.  Оның арты жол апатына әкелуі әбден мүмкін. 

- Мына жерде освещение сөніп қалады да авария көп болады. Мына көпір келмейді негізі қолданысқа. Амал жоқ қысқа жол балған соң жүреміз.

- Жол жаман енді. аварийный ситуациялар көп болады осы трассада. Жол жаман машинаға да зиян. Күннен күнге жаман болып бара жатыр. Көретін түрі жоқ қой қазір. Жақсы жері жоқ.

- Қалай салынды содан кейін жол жарыла бастады. Дұрыс болмады ғой. Ана жерде арматуралары шығып тұр. Жаздай солай тұр ғой. астын соғып картерді тесіп алдық. Талай машина осы жерде тұрды.

Екі жыл бұрын ғана қолданысқа берілген көпір құрылысына бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінген. Мердігер асфальт төсеудің тың технологиясын қолдануы тиіс болатын. Шенеуніктер бұл талап орындалған жоқ деп отыр. Сондықтан жол салған мекеме өз жеке қаражатына қайтадан жөндеуі тиіс. 

Айбек Қайыр, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы:

- Мердігер мекемесі  жаңағыдай экопласт дейді мосттың үстіне жабатын, содан кейін асфальт үстіне салады. Сол уақытында технология сақталмай жасалған нәрсе. Технология сақталмағасын жаңағы экопласт өзі жиналып, асфальт көтеріліп кетті.

Жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Басқарма басшысы «Оңтүстік айналма жолы» жобасы аясындағы көпірмен қатар 41-разьезд аталатын аудандағы жол құрылысы да қар түскенше тәмам болады деп сендірді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков