Тұлпарлар Ұлытау аумағына жетті

Ұлы Дала Жорығы» бәйгесінің үшінші кезеңі аяқталды. Шабандоздар 300 шақырымды артқа тастады. Ә дегеннен, оза шауып, көш бастаған Маңғыстау облысы әлі алда келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар 3 кезеңді 27 сағат 19 минутта жүріп өтті. Ал екінші орында Шымкент қаласының құрамасы. Үшінші болып ақтөбелік шабандоздар келеді. Ұзақ жолдан адам ғана емес аттар да қажыған сыңайлы. Сайыстың алғашқы күні жолға шыққан 19 команданың жарыс жолында тек 13-і қалды. Астана қаласы мен Алматы, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Ақмола облыстарының жүйріктері аяқтан қалып, кері қайтты.

Дәл қазір бәйгенің төртінші кезеңі өтіп жатыр. Шабандоздар Ұлытау облысының аумағына кірді. Жезқазғанға жеткенде аттарын ауыстырады. Яғни басқа атқа мінеді. Сөйтіп бәйгені одан әрі жалғастырады. Жалпы ұйымдастыру жұмыстарына 35 техника тартылған. Сондай-ақ, 15 аспаз жұмыс істеп жатыр. Әр 100 шақырым сайын 200 адамға арналған шатыр құрылады. Аламан бәйге 12  күн бойы өтеді. Шабандоздар барлығы 1200 шақырымды шауып өтуі керек.