Бүгін Түркістанда ТМД елдерінің денсаулық сақтау саласының басшылары бас қосты

Олар ұйымға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық кеңесінің 35-ші отырысына қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға бас-аяғы 11 елден 70-ке жуық делегат келді. Басқосуда COVID-19-дың өршу кезінде психикалық денсаулық және науқастарды психо-әлеуметтік тұрғыдан қолдау, саланы цифрландыру мен телемедицинаны дамыту жайы талқыланды. Сондай-ақ кадрлық әлеуетті арттыру және басқа да өзекті мәселелер қозғалды. Екі күнге жоспарланған шараның басты мақсаты – ТМД-ға мүше мемлекеттер азаматтарының денсаулығын қорғау ісіндегі ынтымақтастықты жандандыру. Айта кетейік, жиын - биыл Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы шеңберінде еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Елена Шамаль, ТМД Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық кеңесінің хатшысы:

- Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласын цифрлық жүйеге көшіру кезек күттірмейтін мәселе. Қазір бүкіл әлем осы саланы электронды жүйеге жаппай көшіріп жатыр. Біз бүгін алдағы уақытта осы саладағы бірлесіп атқаратын жұмыстарымызды пысықтадық. Барлық мемлекеттер осы міндетті алдарына стратегиялық мақсат етіп қойған. Оны атқаруда әркімнің өзі жетістігі мен тәжирбесі бар. Біз бүгін соның барлығын дөңгелек үстел басында бірге талқылап, тәжірибе алмастық.