Түркістан облысында екі ауылға газ берілді

Боралдай елді мекенінде 80-ге жуық үй, 500-дей халық тұрады.

Ауыл –аудан орталығынан шалғай, таудың етегінде, Боралдай өзенінің бойында орналасқан. Сондықтан ауыл тұрғындары биыл үйімізге «газ келеді» деп күтпепті. Олар өркениеттің бұл игілігін ұзақ күтті. 

Гүлшат Сартай, Боралдай ауылының тұрғыны:

- Тезек жайып, қамызпенен де күн көрген жайдайымыз болды. Қыстың күні қиын болғанда айтпа! Тезекпен, көмір болмаған ол кезде. Ағаш пен тезекпен отырдық. Арқамызға ағашты арқалап, жаққан күніміз болды. Соны құдай көрсетпесін! Заманға қарай мінекей, рахмет! Біздің көргенімізді кейінгілер көрмесін. Біздің қиыншылығымызбен олар жүрмесін. Өте ризамын!

Ал 57 түтіні бар Қызылсеңгір ауылында 400-ден астам халық тұрады. Мұндағы ел де қуанып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұған дейін аудандағы 57 елді мекеннің тек төртеуі ғана табиғи газбен қамтылған. Яғни аудандағы 124 мың халықтың тек 17 пайызы ғана көгілдір отынның қызығын көрген. Бүгінгі екі ауылмен 19 пайызға жетіп отыр. 

Нұрбек Бадырақов, Ордабасы ауданының әкімі:

- Үш негізгі газ тару жүйесі жүріп жатыр. Ол индустральды аймақтан Шұбарсу, Шұбар ауылдық округтеріне қарасты, газ тарту жүйелері. Одан кейін мына Төрткүл ауылдық округін қамтамасыз ететін Төрткүл, Жеңіс, Қарақұм ауылдарына келетін үлкен газ жеткізу құбыры бар. Осы жүйені де қолға алып отырмыз. Осылай біздің жоспармызда келер жылы 45 пайызға жеткіземіз деп, жоспарлап отырмыз.

Мамандар дәл қазіргі кезде Ордабасы ауданында жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын 22 елді мекенге табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Жыл соңына дейін Ықыластемір мен Теспе елді мекендеріне сүйық отын жеткізілмек. Ал келесі жылға 4 нысанға қаржы қаралған. Сондай-ақ 8 нысанға ақша бөлу үшін құжаттары облыстық бюджетке ұсынылған. Бұдан бөлек 14 елді мекенді газбен қамту үшін жоба дайылып жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов