Қостанайлық омарташы бал арасымен түрлі ем-дом жасайды

Осылайша аймақта экотуризмді дамытуға өз үлесін қосып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Омартасы адам аяғы баса бермейтін орман алқабында орналасқан. Бұл жерге келушілер денсаулығын оңалтып қоймай, сапалы бал алудың  құпиясымен таныса алады. Сергей Петров 17 жыл бойы омарташылықпен айналысады. Қарамағында Карпат аралары ұялайтын 260 гектар жері бар. Алқапта лаванда, күнзе, түйебұршақ сияқты гүлді өсімдіктердің 50-ге жуық түрі өседі.

Сергей Петров, омарташы:

Ара шаруашылығы органикалық негізде жұмыс істейді. Ешқандай химиялық қоспасыз, экологиялық омарта. Бұл жердің орман, өсімдік алабы ешқашан пестицидд, гербицидтермен өңделген емес. Арнайы буферлі аймақ. Сондықтан балымыз табиғи, таза.

Ормандағы бұл орын туристер үшін ашық. Келушілер араларды қалай баптап, балын жинайтынын өз көзімен көре алады. Ал мынау астында ара омарталары бар жатын орындардың емдік қасиеті бар. Оның үстіне жатқан адам омартадан сезілетін жылу, тербеліс, жұпар иістен жақсы әсер алады.

Сергей Петров, омарташы:

– Арадан бөлінетін қуат дені сау адамның энергетикалық арнасына сай келеді. Мұны ғалымдар дәлелдеген. Яғни адам аралардың үстіне жатқанда энергияны қуат батареясынан алғандай болады. Ал одан келетін тербелістен адам жасушасының да жұмысы дұрысталады.

Омарташы бал шаруашылығының баяу дамуына мемлекеттік қолдаудың аздығы себеп дейді. Сонымен қатар балға сұраныс та төмендеген. Жалпы бал өндірісінің тұралауына гүлдердің азаюы себеп болып отыр.

Сергей Петров, омарташы:

– Солтүстік жақта да асыл тұқымды аралар өсіруге болатынын дәлелдемекшіміз. Мүмкіндігінше осында қыстап шығуға тырысамыз. Біртіндеп оңтүстік өңірлерден, Өзбекстаннан ара әкелуден бас тартқанымыз дұрыс. Болашақта көрші елдегі геосаяси жағдай ушығып, шекара жабылса құрдымға кетеміз.

Қазір аймақта омарташылық маусымы жабылды. Демек қыс бойы кәсіпті жаңаша дамытудың жоспарын әзірлеуге уақыт болады деген сөз.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг