Қазақтың қазанаты ұлы бәйгеге шыдай ма

Шабандоздардың сөреге жетуіне шамамен 200 шақырым қалды. Дәл қазір Астанадан жолға шыққан 19 команданың тек 9-ы ғана қалған. Шамамен мың шақырым артта қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйымдастырушылар негізінен «аттың күйіне жүре қарап, ветеринардың сөзін ескермегендер ғана жарыстан шығып қалып жатыр» дейді. Оның үстіне бұл бәйге бала кезінен аттың құлағында ойнайтын шабандоздар үшін де үлкен тәжірибе болған сыңайлы. Қазақтың ұлан-ғайыр даласын көктей өтіп келе жатқан бәйге мәреге тақап қалды. Жарау аттар күніге 100 шақырымға шабады. Мұндай аламан адамзат тарихында болмаған. Сол үшін де атсейістер бәйгенің арты не болады деп алаңдайды. Жылқы баласы тұрмақ, жансыз темір көліктің өзі кейде шыдас бермейтін 1200 шақырым жұртқа алғашқыда «алынбас қамалдай» көрінген еді. Десе де, қазақтың қазанатын тақымдаған шабандоздар мәре сызығының сәл алдында тұр.

Нұрлан Тастеміров, Шымкент ат спорты федерациясының президенті:

– Мінекей, бүкіл Қазақстаннан тұлпарлар келіп жатыр. Сол тұлпарларға қарап өзіміздің аттарымыздың деңгейін біліп жатырмыз. Біз қарапайым ат деп жүргеніміз, қанша ат шаптырып, көкпар шаптырып жүргенімізбен мына жерге келген кездей қай аттың сыры бар, қандай міні бар осы жерде білініп жатыр.

Кезінде түрікпеннен Ақалтеке, арысы ағылшыннан сәйгүлік мінетін қазақ қазір өзіміздің қазаннаттың қадірін біле бастаған. Алысқа шыдас береді. Осы бәйге қазақы аттың күшін де, көнбістігін де іс жүзінде көрсетті.

Әуезхан Дәулетұлы, Шымкент құрамасының капитаны:

– Бұл жігіттерге аттардың аяқтарын жуғызып жатырмын. Салқындату. Аттардың температурасын түсіреді. Біз күнде қараймыз.

Иә, қолға қамшы ұстағаннан атқа шауып, желмен жарысқан шабандоздар үшін де бұл жарыс үлкен тәжірибе болды. Жарыс жолынан шығып қалған жүйріктердің басым бөілігі адами фактордың әсерінен кері қайтуға мәжбүр болған. Ал аттың сырын иесі біледі. Бабын тапсаң байталда бәйге алады.

Жанат Бағылбеков, Жамбыл облысы «Бәйге» федерациясының вице-президенті:

– Мынау марафон жарысында шауып жүріп келгеннен кейін бір-екі сағаттай осы жердегі арнайы шабандоздар аттарын жетектеп, аузын сумен шайып, сосын отқа қояды, шөпке. Жарты сағат бір сағаттан кейін барып суғарады. Өзі ішкенше су береміз.

Шабандоздардың басым бөлігі жарыстың мән-мағынасы мен ережесін енді түсінгендерін айтады. Бұл бәйге келесі жылы қайта ұйымдастырылса, қатысатындардың да қарасы қалың болады деген сөз. Ал әзірге биылғы бәсекенің соңғы кезеңдері өтіп жатыр. Рухани астанамыз Түркістанға ең жылдам жеткен шабандоз жеңімпаз атанады.

Авторлары: Бекзат Аманов