Алматы облысында арна тілшілері көтерген мәселе шешімін тапты

Сарыжаз, Талас, Қарасаз, Тұзкөл ауылдарынан Текеске дейінгі төте жол жөнделе бастады. Ал Қарасаздан Тұзкөлге дейінгі тозығы жеткен 18 шақырымдық тас жолға асфальт төселді. Алматы облысының Райымбек ауданында арнамыздың тілшілері көтерген өзекті мәселе шешімін тауыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт ауылды аудан орталығымен байланыстыратын төте жолдың екі шақырымына асфальт төселді. Қалған 16 километрі келесі жылға дейін пайдалануға беріледі. Сол кезде тұрғындар Нарынқолға жарты сағатта жететін болады. Ал Тұзкөл мен Қарасаз аралығындағы 26 шақырымдық жол жөнделіп бітуге шақ қалды.

Роза Алханова, Тұзкөл ауылының тұрғыны

– 50 жылдан бері сол жол бір рет жасалған жоқ қой. Міне, елу жылда жасалып тұр. «Елу жылда ел жаңа» деген осы. Сіздер келгеннен кейін көңіл бөлініп жасалып жатыр.

Өткен жылы біздің арна тілшілері көлік қатынасының қиындығын көтеріп, сюжет түсірген болатын. Сөйтіп мәселенің шешілуіне ықпал еткен еді. Бұл жолы да ақсақалдар ауыл халқының өтінішін айтты.

Абайбек Шманов, Тұзкөл ауылының тұрғыны:

– Ауыз су мәселесі қиындау болып тұр. Бұрынғы ескінің бәрі тозды. Насос әкелсе, күйіп кетіп жатыр. Мына жерде шағын мәдениет үйі бар. Бірақ тозып тұр. Ең болмаса спорт кешені, мәдениет үйі болса, екі үш адамға жұмыс болады. Жастарға жақсы болар еді.

Аудандық әкімдіктегілер Тұзкөлге ауыз су жүйесі келесі жылы тартылатынын айтты. Ал мәдениет үйіне қатысты мәселе алдағы уақыттың еншісіне қалмақ. Қазір аудан аумағындағы Қақпақ, Жамбыл, Қызылшекара, Сарыжаз ауылдарының ішкі жолдары жөнделіп жатыр.    

Ғалым Жусанбаев, аудан әкімінің орынбасары

Райымбек ауданындағы қатты жабынмен жабылған жолдардың жағдайы жыл басында 43 пайыз болып басталған. Қазір жасалып жатқан жобаларымыз жыл аяғында аяқталған кезде 59 пайызға шығамыз.

Жалпы биыл аудандағы Талас – Қарасаз, Көмірші –Сарыжаз ауылы аралығындағы жолға асфальт төсеу жұмыстары аяқталады. Соның нәтижесінде көлік қатынасы жақсарып, шалғай елді мекен тұрғындарының барыс-келісі жеңілдейді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев