Құлсары тұрғындары 20 жылдан бері баспанасын жылыта алмай жүр

Тоқсанға жуық көп қабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылғанымен, игілігін көріп отырған жоқ. Тұрғындар  амалсыз дербес жылу қазандықтарын қондырып алған. Ал оның ыңғайсыздығы өз алдына, техникалық жағынан қауіпті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ашынған ағайын 20 жыл бойы тартып келе жатқан жылу мәселесін жарыса айтып берді.

Көп қабатты үйлерге тән тағы өзекті проблема мұнда ыстық су тек қысқы маусымда беріледі. Яғни жылыту маусымы аяқталғанда ыстық су да тоқтайды. Соған қарамастан жылу орталығы келер қысқа сақадай-саймыз деп отыр. Орталықтың қалаға қарасты 86 көп қабатты үйді қамтуға толық мүмкіндігі бар. Оның әр пәтерге жетпеуіне тұрғындардың өздері кінәлі деп отыр.

Қайрош Сәбетов, жылу орталығының басшысы:

– Біздердің міндетіміз тек қана жылу қазандығын жағып орталыққа жіберу. Барлық жылу алушылар алды. Жылу уақытылы беріліп тұрды. Температурасы, қысымы бәрі де жақсы болды. Бұл жерде 80 градус шығарып тұрдық.

Бұл проблема жергілікті билікке жақсы таныс. Себебі, ол жылда қайталанып отырады екен. Тек оны түбегейлі шешу созылып барады.

Еркебұлан Аққұсов, Құлсары қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Жылу құбырларының барлығы көп қабатты үйдің жертөлелері арқылы айналдырылып тұр. Яғни, подвалға келіп тұр. Енді қалғаны тұрғындар өздері қосылу керек, соған. Жоғарғы қабатта кейбір стояктар құбырлар бітеліп қалу фактілері бар. Бұл жөнінде біздер жиналыстар жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Құлсары қаласындағы 5 мөлтек ауданда 4600 пәтер бар. Бірақ осы уақытқа дейін пәтер иелері кооперативтері құрылмаған. Салдарынан жылу, ауыз су секілді коммуналдық мәселелермен тұрғындар тек өздері айналыады. Ал атқарушы билік болса, біз жылуды көп қабатты үйге жеткіздік. Қалғаны меншік иесінің проблемасы дегеннен аса алмай отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов