Қашаған кәсіпорны қайта іске қосылады

Қашаған мұнайын өндіру жұмыстары жиырмасыншы қазанда толық іске қосылады. Бұл туралы бүгін еліміздің Энергетика министрі Болат Ақшолақов халықаралық мұнай-газ конференциясы және KIOGE-2022 көрмесі аясында мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, Қашағандағы жұмыс тоқтағанға дейін тәулігіне 400 мың баррель мұнай өндірілген. 5 тамызда техникалық ақауға байланысты жұмыс тоқтап, 11 тамызда кезең-кезеңімен іске қосыла бастады. Сонымен қатар Каспий құбыр желісі консорциумы да келесі аптада жұмысын жалғастырады. Бұл мұнай желісі 22 наурызда бұзылып, 23 наурызда жұмысы тоқтатылған. Енді бүлінген бөлшектер ауыстырылып жатыр. Қазан айының басында жұмысын жалғастырады.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– Бұлардың ауыстыру жұмыстарына 5-6 күн кетеді. Бірақ 25 күн осы кемені күту керек болды. Басқа теңіздерден Қара теңізге жету үшін соған ұзақ уақыт кетті. Биылғы болжам 85,7 млн тонна болды. Біздер соны толығымен өндіреміз деп сондай жоспарда жүрміз қазір. КТК мәселесін шешіп болғанда, әрине, бізге 100 пайыз мүмкіндік береді экспорттауға, сақтау үшін.

Жалпы конференция үш күнге жоспарланған. Жиынға Әзірбайжан, Бахрейн, Германия, Италия, АҚШ, Қытай және Жапония сынды жалпы саны 14 елден 196 мұнай-газ саласындағы компания басшылары қатысып отыр.