Биыл «Абай жолы» роман-эпопеясының жарық көргеніне 80 жыл

Мұхтар Әуезовтың 55 томдық шығармалар жинағын электронды нұсқадан оқуға болады. Оның сыртында 5 және 10 томдық таңдамалы шығармалар жинағы да баспаға дайын тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін әйгілі суреткердің туғанына 125 жыл толуына орай Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты оның шығармашылғына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті. Институт жанындағы жазушының әдеби-мемориалдық музейіне жүргізілген жөндеу жұмыстары да аяқталып қалған екен. Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы 10 жылында осы үйде тұрған. Нақтырақ айтсақ, ол 1951-61-ші жылдар. Екі қабатты баспананы жазушы өзі салдырған. Бүгінде бұл әдеби-мемориалдық музей-үйі қазақ мәдениетінің қарашаңырағына айналды. Қаламгер «Абай жолы» эпопеясын дәл осы үйде жазып бітірді. Биыл эпопеяның жарық көргеніне 80 жыл толды. Мұнда қаламгердің ең қымбат мұралары мен қолжазбалары сақталған. Жазу үстелдері мен баспа машинкасына дейін сол қалпында тұр.

Салтанат Мұқатаева, бас ғылыми қор сақтаушы:

Үлкен ғылыми қорымыз бар. Бұл қорда 73 мыңға жуық заттар бар. Оның ішінде 57 мыңға жуығы Мұхтар Әуезов өзінің қолжазбалары. Сондай-ақ кітаптары мен журналдары осы 57 мың болып отыр. Сондай-ақ 6 мыңға жуық жәдігерлер бар. Яғни өзінің ұстаған,  сондай-ақ өзінің туыстарының, балаларының хаттары деген сияқты 6 мыңға жуық хаттар.

Алматы Мұхтар Омарханұлының өмірінде ерекше орын алады. Оның саналы ғұмыры осы шаһарда өтті. Еңбектерінің басым бөлігін осында жазды. Әдебиет және өнер институтының қабырғасын өзі қалады. Кейін оған есімі берілді. Жазушының 100 жылдығына орай 50 томдық шығармалар жинағы жарық көрген болатын. Ал бұл жолғы мерейтойында:

Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:

– Тағы да 5 том қосып, Мұқаңның қолжазбаларын қосып, мұрағаттардағы жаңа табылған деректерді қосып. Соны 55 том қылып дайындап отырмыз. Сонымен қоса таңдамалы шығармалар жинағы «Абай жолы» 4 баспадан жарық көргелі отыр. Былайша айтатын болсақ, Мұхтар Әуезовтың шығармалары халыққа кеңінен танымал, әлі күнге дейін оқылатын мұра болып табылады.

Мерейтойға орай, Мұхтар Әуезовтың «Америка әсерлері» өчеркі қазақ және ағылшын тілдерінде кітап болып басылып шықты 1960 жылы ол КСРО жазушыларымен бірге Америкаға барып, бір ай сонда болған. Кітап осы сапар жайын баяндайды.

Ананд Кришна, АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулдығының кеңесшісі:

– Мұхтар Әуезов сапарда жүрсе де көрген-білгендерін үнемі жазып отырған. Екі елдің айырмашылығы мен ұқсас жақтарын да қойын дәптеріне түртіп жүрген екен. Жазушы 1961 жылы қайтыс болып, туындысы аяқталмай қалған. Онда Америка Әуезов көзімен баяндалады. АҚШ консулдығы еңбектің шығуына қолдау көрсетті. Сондай-ақ оған жоба авторлары мен жазушының музейі де атсалысты.  

Сондай-ақ бүгін Ұлттық кітапханада «Мұхтар Әуезовты оқимыз» халықаралық байқауы мәресіне жетті. Шара жыл басында қаламгердің 125 жылдығына орай жарияланған болатын. Онда байқау талабын орындаған Алматы облысының Қарасай аудандық кітапханасы үздік деп танылды. Жеңімапаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Авторлары:  Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев, Мұхит Құдықбаев