Қарағандыда 300-ге жуық бала оқитын мектеп спорт залы жабылды

Қарағандыда 300-ге жуық бала оқитын мектеп спорт залы жабылды

Төтенше жағдай мамандары ғимараттың қауіпті екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл спорт залы 3 айға дейін жұмыс істемейді. Осы аралықта кемшіліктер түзелуі тиіс. Ал бұл кезде балалар дене тәрбиесі пәнін қайда өткізеді? 44-ші мектептің іргесі осыдан 74 жыл бұрын қаланған. Қазірге дейін ол көмір жағу арқылы жылытылады. Ал спорт залы 50 метрдей жердегі қашықтықта жеке ғимаратта. Мектепке былтыр модульдік пеш салынып, ол жеке шығарылғанымен, спорт залдың пеші әлі де жапсарлай орналасқан екен. Бұл талапқа қайшы әрі балаларға қауіпті көрінеді.

Асхат Маханов, қалалық ТЖБ басшысының орынбасары:

– Бұның қауіптілігі сол, жарылыс болуы мүмкін. Біріншіден, егер құбырдың ішінде, пештің ішінде су азайып қалатын болса, немесе оның бір бөліктері істемей, бітеліп қалса судың қайнауынан бу көтеріліп, жарылысқа әкелуі мүмкін.

Қазір кітапхана мен еңбек кабинеті де негізгі мектепке көшірілуге дайындалып жатыр. Себебі олар да әлгі спорт залы бар ғимарттың ішінде болған. Кітап пен еңбек сыныбына арналған орын жасақталғанымен, дене тәрбиесін өткізетін зал мәселесі шешімін таппай тұр.

Валентина Ченцова, дене тәрбиесі мұғалімі:

– Осы уақытқа дейін күн жылы болып, сабақты далада өткізгенбіз. Көбіне жеңіл атлетика, футболдан дайындық болды. Олардың көбінен біздің оқушылар жүлделі орындар алып жүрген. Енді әзірге басқа мектептермен келісіп, уақытша спорт залын аламыз ба, басқа спорттық секциялар ашамыз ба, тек сондай ғана жолы бар.

9 жылдық мектепте қазір 300-ге жуық бала тәлім алады. Аралас мектепте соңғы рет жөндеу жұмыстары қашан болғанын көптің есінде жоқ. Бұл жәйт ата-аналарды да уайымдатып отыр.

Елена Мухаряпова, ата-ана:

Осында 4 немерем оқиды. Мектепте баяғыдан-ақ жөндеу жүргізіп, біреңені оңалту керек еді. Себебі балалардың қауіпсіздігі бірінші орында болуы тиіс.

Әзірге спорт зал тұрған ғимаратты сот 3 айға жапқан. Осы уақытта мектеп әкімшілігі негізгі мектептегі модульдік пештен залға дейін жылу құбырын тартып үлгеруі тиіс.

Гүлдана Тәуекелова, №44 негізгі орта мектеп директоры:

– Бүгінгі күнге екінші қосымша мектепте жылыту жұмыстарын жасау үшін тех, зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.Техникалық мәселе шешілген соң бізде қаржы мәселесі де шешіледі. Содан кейін жұмыс басталады. Шамамен 6 млн теңге қаражат керек.

Қарағанды қаласында шамамен 280 білім нысаны бар. ТЖ мамандарының тексеруінен кейін оның жетеуінде қауіпсіздікке сәйкес келмейтін тұстар анықталған. Оның 6-сы олқылықтарды тиісті уақытта жөндеп үлгерсе, 44-ші мектептің спорт залының жайы күрделі болып отыр. Сондықтан нысан жұмысын уақытша тоқтатудан өзге амал қалмаған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар