Қызылорда облысындағы Бірінші мамыр ауылы Мәдениет үйіне зәру

Бірінші мамыр ауылындағы көне клуб 2000 жылдары сүрілген. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ғимарат әбден тозып, жарамсыз күйге жетіпті. Содан бері ауыл тұрғындарының мәдени шараларда бас қосатын арнайы орны жоқ,-дейді тұрғындар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Молдағали Қожанов, ауыл тұрғыны:

- Керек қой жастарға ол. Өйткені баратын жері жоқ. Қаңғып көшеде жүреді, ысқырып-пысқырып. Болса барар еді ғой, үйірмесіне.

Ғабит Елмұратов, ауыл тұрғыны:

- Жиналыс жасасаң да, ақсақалдарды жинап, барып, отырып, сөзімізді айтатын да жеріміз жоқ. Мешіттің алдына жиналамыз, болмаса медпункттың алдына жиналамыз. Сөйтіп жүр ауылдың халқы. Міндетті түрде мәдениет үйі керек ауылға. Осы ауылдың барлық ақсақалдары болсын, жастары болсын, солардың атынан айтып отырмын.

Сұлутөбе ауылдық округінің құрамындағы Бірінші мамыр елді мекеніндегі білім ұясында 120 оқушы бар.  Ғимараты болмаса да, ауылда мәдени қызметкер бар. Ол көркем сөз оқу, ән және қолөнер үйірмелерін мектеп жанынан ұйымдастыруға міндеттелген. Ауылдағы мәдени шаралар көбіне осы мектептің мәжіліс залында өтеді.

Тұрсынкүл Рахметова, Сұлутөбе ауылдық мәдениет үйінің директоры:

- Дарынды балалармен жұмыс жасауға көбінесе мәжіліс залы өздерінің күнделікті өтетін шараларынан, сыныптан тыс жұмыстардан көп жағдайда босай қоймайды. Соларға араласып, арасында осы өтіп жатамыз. Араласып жұмыс жасайды ғой бұл кісілер де. Бірақ, бөлек ғимарат болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бүгінде Шиелі ауданы бойынша барлығы 8 ауылдың мәдениет үйі апатты жағдайда тұр. Ал Ортақшыл мен Бірінші мамыр ауылдарында ғимараты жоқ.  

Гүлшат Шайзадақызы, Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілі:

- Бірінші май ауылындағы ғимарат салу неліктен тоқтап тұр десеңіздер, халық саны жетіспейді. Өте аз. Ол енді Сұлутөбе ауылдық округінің бөлімшесі болып саналады. Қалған апаттық жағдайдағы мәдениет ошақтарына жоба сметалық құжаттарын дайындауға, ПСД дайындауға қаржы қажет. Біз сол қаржыларды сұрап жатырмыз.

Дегенмен әкімдік өкілі көп ұзамай бір ауылдық мәдениет үйінің құрылысы басталатынын айтты. Ол екі мыңға жуық халқы бар Бестам ауылынан бой көтереді. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов