Ұлтты ұйытқан ұлы көш тоқтамайды – СҚО

Атажұртқа оралғысы келетін қандастардың қатары күрт артқан. Алыс-жақын шетелдегі қазақтармен байланыс орнатқан «Отандастар» қорының мәліметінше, биылдың өзінде 11 мыңнан астам этникалық қазақ атамекеніне қоныс аударды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек Иран, Ауғанстан және Пәкістаннан келетін қандастардың легі саябырсып қалған. Ал сол шеттен келген ағайынға қандай көмек бар? Қадиша Адай өткен жылы Ираннан қоныс аударды. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Николаевка ауылында тұрып жатыр. Шеттен келдің деп ешкім бетін қақпады, ол да бөтенсінбей бірден ауылдастарымен араласып кетті. Өзге елде туса да туған тілін, салт-дәстүрін сақтаған. Шағын кәсібін ашып, нәпақасын тауып отыр. Қол білетіні тағы бар. Өрнектеп кілем де тоқып жатыр.

Қадиша Адай, Ираннан келген қандас:

– Құдайға шүкір болашағымыз жақсы болады деп ойлаймын. Балаларымыз мектепке орналасып, келген жігіттердің бәрі жұмысқа келді. Біз азда болса қазақимыз ғой, салт-дәстүріміз ұмытылмасын деп келген едік. Иранда қазақ мектеп жоқ. Үй енді осы Үкіметтің бағдарламасымен беріп жатқан баспанасында орналастық. Ішінде кемкетігін өзіміз жасап алдық. Балаларымыз ЖОО оқып жатыр. 07,33 Маған хабарласып, көшіп келем деп жатқан адамдар көп. 10-шақты отбасы анықтама күтіп отыр.

Атамекенге биыл оралған ағайынның 70 процентке жуығы Өзбекстаннан қоныс аударған. Жыл басынан бері бір ғана Түркіменстаннан 800-ден астам этникалық қазақ көшіп келген. Соңғы 1-2 ай көлемінде Монғолиядан 140 отбасы келіпті.

Гүлмира Нұрбаева, «Отандастар қоры» қандастарды қолдау департаментінің директоры:

– Олар малын өсіріп, бау-бақшасын жайқалтып, тірлігін жасап жатыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында грант ұтып алған қандастарымыз да бар. Өздерінің қолынан келетін кәсібін ашып, тігін тігіп, шайхана ашып өмір сүріп жатыр.

Тарихи отанына табан тіреген қандастарға қолдау еш үзілген емес. Тек мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің белгілі бір шарттары бар. Баспаналы болып, қолдауға ие болам деген ағайын мемлекет белгілеген 5 өңірге ғана көшіп-қона алады. Сонымен қатар, Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап отырған қандасқа толық ақпарат беретін «erulik.kz»  платформасы тағы бар.  

Дастан Айтқұлов, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің басқарма басшысы:

– Көші-қон заңнамасына сәйкес ағайын қай жерге келгісі келеді, сол жерден қандас бәртебесін алуға құқылы. Алайда мемлекет тарапынан жеке ынталандыру шаралары Солтүстік өңірге қоныстанғандарға беріледі. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысы кіреді. Осы облыстарға қоныстанған жағдайда 70 АЕК яғни 214 мың теңге үстемақы беріледі. Екіншіден 12 ай бойы пәтер ақысы және коммуналдық қызметі төленіп тұрады.

Кейіпкеріміз Қадиша Адайдың айтуынша, Иранда әлі 2 мыңдай қазақ отбасы атамекенге қоныс тепсек деп отыр. Тек оларға «қазақ» екенін растайтын құжаттың жоқтығы кедергі келтіреді. Содан болар, соңғы уақытта Иран, Ауғанстан және Пәкістаннан келетін қандастардың легі саябырсып қалған. Ал жалпы еліміз тәуелсіздік алғалы бері 1 млн 99 мыңнан астам қазақ атамекеніне қоныс аударды. Көш әлі де жалғасады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Аманжол Байғазин