Қоғамдағы өткір мәселелерді республикалық Аналар кеңесі назарға алып отыр

Жасөспірімдер арасында кездесетін буллинг, әскердегі суицид, синтетикалық есірткіге әуестік сияқты қоғамдағы өткір мәселелерді республикалық Аналар кеңесі де назарға алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған консультативтік орган мүшелері Алматыда бас қосып, істің нәтижелерін ортаға салды. Кеңес мүшелерінің айтуынша, мәселемен бетпе-бет келмей тұрып, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Жақында ғана Аналар кеңесі Петропавл қаласындағы Ұлттық Ұланның әскери бөліміне барып, кәсіби психологтар көмегімен әскердегі суицид проблемасының себептеріне үңілді. Сондай-ақ, кеңес аясында жүзеге асырылып жатқан «Мәдениетті ана – мәдениетті ұрпақ» жобасының тиімділігі жан жақты айтылды.

Айта кетейік, аймақтық құрылымдары жұмыс істейтін кеңес бүгінде 13 мыңнан астам ананың басын қосып отыр.

Нәзипа Шанаи, ҚХА жанындағы республикалық аналар кеңесінің төрайымы:

– Есірткі мәселесіне келетін болсақ, Астана қаласы әкімінің жанында жұмыс тобы бар. Міне, сол жұмыс тобында біздің Аналар кеңесінің мүшелері бірге жұмыс істеп оның ішінде дәріханалар арқылы таралып жатқан рейдтеріне қатысады. Бүгінгі таңда жалпы сол жұмыс тобының ішінде атқарылған жұмыстың арқасында жабылған да дәріханалар бар.