Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының оқушылары «Ұмай» мюзиклін қойды

Ерекше мюзикл. «Мейірім» мүмкіндігі шектеулі балаларға және жасөспірімдерге арналған оңалту орталығының» оқушылары «Ұмай» мюзиклін қойды. Бұл жазушы Ғалия Өтебекованың ертегісі негізінде сахналанған алтын мүйізді алдамшы лақ туралы қойылым. Оның ерекшелегі сол – барлық кейіпкерлерді ерекше балалар ойнады.

Қойылым мейірім, отбасы мен Отаныңа деген махаббат туралы. Көне түркі мифологиясы бойынша, Ұмай ана ұрпақ жалғастығын жебейтін періште. Орталық мұндай мюзиклді тұңғыш рет сахналап отыр. Төрт ай дайындық жүргізген. Ерекше актерлерге оқушылар үйінің балалары көмектесті. Ата-аналардың қобалжығанын көрдік. Бірақ мюзикл көрермендерге ұнап, жас актерлер ілтипатқа бөленді. 

Гүлжайна Мақсатқызы, көрермен:

- Бұл балалардың өзінің талпынысы ерекше керемет. Біз қошаметтеген кезінде ол балалардың қуанышында шек жоқ болды. Маған қатты әсер етіп, көзімнен жас  шықты шынымды айтсам. Қатты әсерлендім.

«Мейірім» орталығы 2004 жылы ашылған. Қазір орталыққа 3-тен 18 жасқа дейінгі 60 бала келіп жүр. Мүмкіндігі шектеулі балалардың эмоционалды, әлеуметтік, физикалық және интеллектуалдық әлеуетін дамыту үшін жайлы жағдай жасалған. Мысалы жасөспірімдерге арналған «Өмір академиясы» телефон шалу, басқа адамдармен әңгімелесу секілді қарапайым өмірлік дағдыларды үйретеді. Мюзиклдің тағы бір мақсаты қойылым көмегімен «ерекше білім алу қажеттіліктері бар» балалардың дамуына атсалысу. 

Ольга Вихрова, "Мейірім" оңалту орталығының музыкалық жетекшісі:

- Мұндай жобалар тағы да болады деп ойлаймын. Қолымыздан келеді және көбірек бала қатыстырамыз. Алғашқысы сынақ ретіндегі жоба еді. Ата-аналар дән риза. Олар біздің бастамаларымызды үнемі қолдап отырады.

Ата-аналармен қатар қоғамның қолдауы да маңызды. Сонда ерекше балалар ешкімді жатсынбай, еркін өседі. Сол кезде Мейірім оңалту орталығының сенсорлық, проекциялық бөлмелері мен бейімдеу бағдарламаларының тиімділігі еселеп артады.

Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов