Шымкентте үйлерге газдан иіс тиюге қарсы дабыл қаққыштар орнатылып жатыр

Шымкентте тұрғын үйлерге иісті газдан келетін қауіптің алдын алу үшін дабыл қаққыш қондырғылар орнатылып жатыр. Демеушілер есебінен газ талдауыш жүйесі Қаратау ауданы аумағында орналасқан үйлерге беріле бастады. Осылайша жергілікті әкімдік өкілдері мен Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жылыту маусымына тұрғындардың дайындығын пысықтады. 

Әлеуеті еңбекпен әлденген кәсіпкерлер әкімдікпен бірлесіп игі бастамаға мұрындық болды. Екі жақты келісімнің нәтижесінде қала аумағындағы 100 үйге арнайы дабыл қаққыш қондырғылары тегін орнатылатын болды. Мамандар заманауи құрылғы улы газдан келетін қауіпті алдын алуға үлкен көмегі барын айтады.

Азамат Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары:

- Біздің мамандар бар, ТЖБ мамандарымен халықтың арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп жатырмыз. Тамыз айынан бастадық. Үйлеріне кіріп тексеріп жатырмыз. Мұржаларын тексереміз, газ жүйелерін тексереміз. Ақау бар ма жоқ па! Дерек азайып келе жатыр осы газосигнализатордың арқасында.

Жыл басында үй бөлмесіне тараған газ қалдығының құрсауы Енсебаевтар әулетін әбігерге салды. Абырой болғанда, дәрігерлер дер кезінде көмекке келіп, жанұя мүшелері аман қалды. Дабыл қондырғысын өңірдегі өртке қарсы қызмет өкілдері ең әуелі осындай отбасы үйлеріне орнатып берді. 

Гүлайым Енсебаева, қала тұрғыны:

- Бүкіл жанұямызбен уланып қалғанбыз газдан. Сондай жағдай болмас үшін бұл жақсы көмек әрине. Енді сигнал беріп, ескертіп тұрса бәріміз аман боламыз!

Сондай-ақ алдағы уақытта дабыл жүйесі аз қамтылған жанұя мен көпбалалы отбасы үйлеріне де орнатылады. Ал жаңадан салынған көппәтерлі тұрғын үйлер құрылыс кезінде мердігер мекеме есебінен жабдақталады.

Еркебұлан Тасқараев, Қаратау аудандық ТЖБ бастығы:

- Жобалау-сметалық құжаттарын жасау барысында көпқабатты тұрғын үйлерді соғу кезінде бұл сол жерге міндеттелген орнату әр пәтерге газ анықтауыш қондырғыларын. Жалпы саны 4913 пәтерге орнатылған.

Апат айтып келмейді. Мамандар ұдайы жүргізілетін түсіндірме жұмыстары тосыннан келетін тілсіз жауды болдырмауға көп көмегін тигізетінін айтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов