Ұлытаулық жиһанкез қария енді жаһанды жаяу араламақ 

Ұлытаудан шығып, қазақ даласын жаяу аралаған 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашов ауылына оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жерлестері қошеметтеп қарсы алып, ат мінгізді. Дегенмен ақсақал жаяу жүре бергенім тәуір дейді. Биыл Қазақстанды аралап шықса, жаз шыға жер шарын шарлауға әзір. Ол марафонға наурыз айының 31-і күні Ұлытаудағы «Ұлт бірлігі» монументінің жанынан аттанған еді. Сапарын да осы жерде аяқтады. Елдің 17 облысы мен 3 қаласына аялдап, 8 мың шақырым жер жүрген. Тек жүрген жоқ. Мұқым дүниенің кіндігі – Ұлытаудың киелі орындары мен ұмытыла бастаған «қымызмұрындық» мейрамын насихаттады. Әр өңірдегі қолөнер шеберлерінің тізімін жасап, «Юнеско» халықаралық ұйымына табыстаған. 72 жасында осынша қайрат қылған марафоншының бұл сапары Гиннестің ректордтар кітабына енуі мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, Сәрсенбай ақсақал жаяу арба сүйреп марафонға шыққан әлем бойынша алғашқы адам.

Сәрсенбай Қотырашов, марафоншы:

– Туризм қоғамының сұрауы бойынша біздің туризм Қазақстанның онша дамыған жоқ. Соған үлес қоссаңыз. Қазақстан туризмін жоғары деңгейде көрсетсеңіз деген ұсыныс тастады. Сол ұсыныс бойынша келесі жылы Алла қаласа, жер шарын аралап шықпақпын.

Бақтияр Қожахметов, өлкетанушы, марафонды ұйымдастырушы:

Мына Гиннестер рекорды бар ғой. Соның қызметкерлері айтты, мұндай жаста осыншама шақырымды осыншама уақытта ешкім әлі жүрген жоқ. Сондықтан бұл кісі Гиннес кітабына кіреді міндетті түрде. Бұл бізге үлкен мақтаныш. Ұлытауды насихаттау жұмыстарының.