Оралда жыл басынан бері 60-тан аса ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Оралда азық-түлік өнімдерін арзан бағамен сатуды көздейтін жәрмеңкелер жиі өтіп тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұма күнгі жәрмеңке Сырым Датов көшесінде, ал сенбі жексенді күндері Ықсанов көшесі мен Зашаған кентінде өтіп тұрады.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

Сапалы азық-түлік, қолайлы баға, барлық өнімдерді халықтың делдалсыз бір жерден сатып алуына жағдай жасау. Бұл – жәрмеңке атаулының басты мақсаты. Бұрын жәрмеңке тек сенбі-жексенбіде ұйымдастырылып келсе, енді оған жұма күні қосылды.

Сырым Датов көшесінде ұйымдастырылған жәрмеңкеде халықтың қарасы көп. Сауда орнына келген 60-тан аса шаруа қожалығы өз өнімдерін ұсынды. Күнделікті тұтынатын азық-түлік пен көкөніс бағасына қатысты тұрғындар былай дейді:

Біз 8 қапшық картоп алдық. 2 қапшық пияз алдық 100 теңгеден. Капуста, марковь алдық бағалары аса қымбат.

Бұл жерде ет пен көкөніс бағасы арзан. Біз секілді зейнеткерлерге бұл өте тиімді.

Белгіленген сауда орындарына қатысты кәсіпкерлердің де айтары бар.

Владимир Трандафилов, шаруа қожалығының басшысы:

– Жәрмеңкелер өте керек. Бәрі жақсы, тек сауда орындарын көбейтсе дейміз. Мысалы, қазір Жәңгірхан көшесіндегі жәрмеңкенің орнын өзгертіп жіберді. Ол жер алыстау. Неғұрлым халық көп шоғырланған жерлерде ұйымдастырылғанын қалаймыз.

Әкімдік тарапынан әр апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына талдау жасалады. Ал бағаны негізсіз көтеретіндермен түсінік жұмыстары жүргізіледі.  

Жалғас Ғұмаров, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Жиі қолданысқа тұтынатын тұрғындармен бұл картоп, жуа, сәбіз және қырыққабат, ет өнімдеріне біз көп назар аударамыз. Еттің орта бағасы базарлар мен супермаркеттерді алған кезде 2300-ден жоғары болса, жәрмеңкеде 2000-2100 -2200 ге дейін барады. Картоп бағасы 130-120 теңгеден ұсынып отырмыз тұрғындарға, базарда 160-қа дейін баға.

Ауа-райы қолайлы болса жәрмеңкелер қар түскенге дейін өтіп тұрмақ. Сауда орындары кәсіпкерлерге тегін беріледі. Ал сауда-саттық жасау үшін берілген орынды жинауды қалалық әкімдік өз мойнына алған.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов