«Қоқыссыз таза табиғат» жалпыұлттық акциясы өтті

2 мыңнан аса алматылық Алатаудың бөктерін қоқыстан тазартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы жариялаған «Қоқыссыз таза табиғат» жалпыұлттық іс-шарасына қатысқан ерікті жастар мен табиғатқа жанашыр қала тұрғындары, қолдарына қап алып, туристер көп келетін жерлермен жүріп өтті.

Нақтырақ айтсақ, 5 топқа бөлінген табиғат жанашырлары Бутаковка шатқалы, Көкжайлау, Қимасар, Казачка және Өтпелі шатқалын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Экологиялық акцияға қала әкімі де қатысты. Сенбілік кезінде  барлығы 35 тонна қоқыс жиналып, Медеу ауданында 250 түп алма ағашы мен 500 тал егілді. Республикалық ауқымдағы шараның мақсаты – демалушыларды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақыру.

Айта кетейік, биылғы жылдың тоғыз айында Іле Алатау ұлттық паркіне 630 мыңға жуық адам келген.

Азиз Қажденбек, Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры:
- Мұндай жақсы бастамалардың біріншіден жалғасы болу керек. Екіншіден, бұл міндетті түрде бір акция емес, мерзімді ұзақ уақытта болатын акция болуы керек. үшіншіден енді бәріміз бірігіп, өзіміздің елімізге қамқор болуымыз керекпіз. Әр бастама өзіңнен басталады. Сол кезде ғана сен басқаларға үлгі бола аласың.