ҰҚШҰ-ға мүше елдердің оқу-жаттығуы аяқталды

Оқу-жаттығулардың соңғы күнінде біріккен топ «қарсыластың» шабуылына тойтарыс беру және қарсы шабуылға шығу үшін жағдай жасау сынды тапсырмаларды орындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының оқу-жаттығуына 4 мемлекеттің әскерилері қатысты. Олар Қазақстан, Ресей, Беларусь және Тәжікстан. Ал, Армения мен Қырғызстаннан тәуелсіз бақылаушылар қатысты. Барлық қатысушылар өздерінің әскери техникаларымен келген.

Анатолий Сидоров, ҰҚШҰ біріккен штабының басшысы:

- Жақында радиациялық, химиялық, биологиялық қауіпсіздікке жауапты арнайы жасақ құру туралы шешім қабылданды. Біз осы оқу-жаттығуда аталған жасақтың әрекетін көрсеттік. Нәтижесі алдағы уақытта айтылады. Өйткені аталған сала мамандары жасақтың жұмысын бақылады. Енді жетілдіру жолы талқыланады.

26 қыркүйек пен 8 қазан арасында өткен «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» және «Эшелон» оқу-жаттығулары жауынгерлік әзірлікті және жедел үйлесімділікті жетілдіруге арналған. Авиациялық-зымырандық соққылардан бастап, ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларға дейінгі түрлі типтегі әуе шабуылына тойтарыс беру іс-қимылдары пысықталды.

Тілек Серікбаев, ҚР ҚК Оңтүстік өңірлік қолбасшысының орынбасары:

- 70% соққыны артиллерия және зымыранды артиллерия беретін болады. Өйткені бұл ауа райына қарамастан, қандай қолайсыз ауа райы болса да артиллерия жұмыс жасай береді. Соның арқасында бүгін де осы жаттығуда да өздеріңіз көргендей 70%-ін осы зымыранды артиллерия әскері жасады. Оның ішінде және әуе қорғаныстары да бар.

«Өзара іс-қимыл» оқу-жаттығуында заңсыз шекара бұзушылар ұсталды. Онда сарбаздар қарсыластың техникасын істен шығарып, оқ-дәрілер мен материалдық қорларды жойды. Бірлескен тапсырмаға әуе, радиолокациялық және электрондық барлау құралдары қолданылды. Келесі жылы «Өзара іс-қимыл» жаттығуы Тәжікстан жерінде өтеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон