Ақтөбе облысында наубайшылардың отбасы көпке еңбегімен үлгі болып отыр

Ақтөбе облысында нан өнімдерін дайындап сату ісін тұрақты жолға қойған отбасы көпшілікке үлгі болып отыр. Шағын ауылдан салған наубайхана қазір көрші елді мекендерді де нанмен қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қолдау шарасы аясында бизнес бастаған көп балалы жанұя бұнымен де шектеліп қалмақ емес.

Айгүл Тойбазарова наубайхана салынғалы бері тыным тапқан емес. Нан пісіру үшін күн сайын кешкі уақытта осында келіп, түнімен жүздеген бөлке нан дайындайды. Себебі, таңда осы Есет батыр ауылы мен 36 шақырым қашықтықтағы Тоқмансай елді мекенінің дүкендеріне өнім жетуі тиіс. Сондықтан жолдасы екеуі таң атқанша нан пісіреді.

Айгүл Тойбазарова, кәсіпкер:

- Мен жұмыссыз 18 жыл үйде отырдым. Балаларымыз бар. Болашағын ойлап осындай кәсіп аштық. Әрі қарай енді дамытамыз деп ойлаймыз. Тоғызда келем кеште. Сиырым бар, сиыр сауам, балаларымның шәй - тамағын берем, сосын осы жаққа келеміз жолдасым екеуміз. Сөйтіп нан ашытам, нан 2 сағатта ашиды.  Одан ертесіне сағат ондарда қайтам үйге. нан таратам піскен соң.Біздер қалай ашылдық. бізге келді ғо бәрі. Нандарың қолжетімді деді. батондарың 130 теңге, нан 100 теңге. Пряниктің килограмы 800 теңге.

Ерлі-зайыпты наубайхана ашпастан бұрын кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бір айлық курстан өтті. Кейін 500 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Қаражатқа 20 бас қой алып, екі жыл бағып көбейткен. Сөйтіп, биыл сатып наубайхана салды. Ал, қажетті жабдықтарды алу үшін отбасылық кәсіп иелеріне арзандатылған несие бөлінген. Нәтижесінде, бүгінде мұнда күніне 400 бөлкеге дейін нан пісіріледі.

Әділбек Дүйсенов, кәсіпкер:

- Пайыз есебінде өте тиімді. 6 миллион алдық, 6 миллион 600 мың ғып қайтарамыз. Ондай көп үлкен пайызды сома емес. Мемлекеттен жақсы гранттар беріліп жатыр.  Көтерілем деген адамдарға бұл әрине керемет мүмкіндік.

Отбасылық кәсіпті дөңгелетіп әкеткен ерлі-зайыпты төрт бала тәрбиелеп отыр. Олар да ата-анасына көмектесуді әдетке айналдырған. Енді таяу жылдары мал сою кешені мен тұшпара цехын іске қосуды көздеп отыр. Сөйтіп, Есет батыр ауылында мал бас сату ісін де бірізге түсірмек ойда. Ал соңғы екі жылда бұл елді мекенде 7 адам грант ұтып алып, кәсіп бастаған. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев