«Хабар» агенттігі экологиялық челлендж бастады

Елдегі жаплпыұлттық акция аясында Хабар агенттігінің ұжымы да сенбілікке шықты. Ұлттық мереке – Республика күніне орай арнаның тілшілері мен басшылық құрам «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Үлкен Шабақты көлінің жағалауын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Экологиялық челленджді бастап берген хабарлықтар өзгелерді бастаманы қолдауға үндейді.

Тілшілер бүгін де таң атпай жолға шықты. Бірақ бұл жолы түсірілім ерекше. Мақсат – Бурабай баурайындағы ұжым ұлттық табиғи парктің тазалығына үлес қосу, орманшыларға жәрдем беру.

Қайырбай Балтабаев, Бурабай ұлттық апркінің орманшысы:

- Осындай эко акциялар өте берсе бізге көмегі жақсы. Келетін туристерге қоқыс тастамаңыздар, от жақпаңыздар, осылай табиғатымызды аялап, алдағы ұрпақтарға қалдырайық деп.

Бұған дейін Мемлекет басшысы «Табиғатта қоқысқа жол жоқ!» бастамасын көтерген еді. Соның аясында бүгін жалпыұлттық акция өтті. Бурабайдағы табиғатты аялап, тазалығын сақтауға оқушылар да келген. Олар күнделікті теледидардан көретін аға-әпкелерімен әңгімелесіп, бір қуанып қалды. Тілшілер қауымы орманға қорған болу, тазалықты сақтау бойынша білген түйгенімен бөлісті. Бірлесіп игі іс атқарды. 

Сандуғаш Губайдуллина, мектеп-гимназияның қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

- Бүгін біз жетінші б сыныбымен табиғатқа шықтық, мақсатымыз – сұлу табиғатын қорғау. Онымен қатар мәселесін көтереміз. Елінің патриоты болуға тәрбиелейміз. Айына бір рет біз жасаймыз, әлеуметтік қысқа метражы роликтер түсіреміз.

Жалпыұлттық акцияға «Хабар» агенттігінің ұжымын басқарма төрағасы Берік Уәли бастап барған. Ол Қазақстан орманы аз ел екенін, жақында еліміздің бірнеше өңірінде өрт болғанын еске алып, қоршаған ортаның жай-күйіне бей-жай қарамайтын азаматтарды игі іске ат салысуға шақырды. Жаңа челлендж бастады.

Авторы:Талғатбек Әбдіқожа