Павлодар облысында көп балалы ана трактормен шөп жинайды

Павлодар облысының Май ауданында тұратын Әлия Ақанова трактормен шөп жинайды. Ауылдастары көп балалы ананың іскерлігіне қызыға қарайды. Ал ауыр техниканы жолдасына қолғабыс ету үшін үйренген.

Ертіс өзенінің  жағасында тұрған Баскөл ауылының тұрғындары жаз бойы шөп шабады. Мал азығын дайындауға төрт баланың анасы Әлия Ақанова да білек сыбана кірісіп кеткен. Ол күні бойы қос басында. Тракторды тізгіндеген екі жылда жұмысқа төселгені көрініп-ақ тұр. 

Әлия Ақанова, Баскөл ауылының тұрғыны:

- Үлкен трактормен енді жолдасым шөп шабады. Мен екінші трактормен шөп жинаймын. Енді осы өзімізде 60 гектарлық шабындық жеріміз бар. Екі жыл бұрын өзіміздің атымызға аударғамыз.

Баскөл ауылында 5 мың гектардай шабындық алқабы бар. Оның басым бөлігі Ертістің арғы бетінде. Тұрғындар ұзақ жылдар бойы шөпті сал арқылы тасымалдап келеді.

Берік Ақанов, Баскөл ауылының тұрғыны:

- Мұз қатқанша тасып аламыз енді шамамыз жеткенше. Осы пароммен кезектесіп кезек таңертеңнен кешке дейін. Ары кетсе бір екі рейс, үш рейс қана әкелеміз. Сол енді күнде -күнде осымен ақырын - ақырын өтеміз.  

Әлия  мен Берік күніне 2-3 мая шөп шауып, жинаймыз дейді. Қазірдің өзінде 100 мая шөпті  бастырып алған. Енді қар түспей тұрып, бергі бетке өткізіп үлгерулері керек. 

Әлия Ақанова, Баскөл ауылының тұрғыны:

- Әйел адам бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деп. Сосын қыс мезгілінде тағы да осылай жолдасымның жанында жүрем, шөп шашып малдарға, суарып бірге жанында жүреміз.

Бір-біріне сүйеу болған  Әлия мен Берік Ақановтар қиындықты бірге жеңуде. Жуырда олар жеке шаруа қожалығын құрған. Келешекте  мал басын көбейтіп, аудандағы іскер азаматтардың қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. 

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков