Өскеменде трамвай тағы жекешелене ме?

Өскеменде трамвай паркі талай жылдан бері мемлекеттік субсидияға қол жеткізе алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Мекеме басшылығының айтуынша, дәл осы демеу қаржы қоғамдық көлік қызметінің сапасын жақсартуға ерекше ықпал етер еді. Алайда Әділет министрлігі тарапынан тиісті ережелер тіркелмей жатыр. Енді осы трамвай паркін жекешелендіру туралы сұрақ та қозғалып жатыр екен. «Ал бұл  жекеменшік қарамағынан шығып, енді ғана жұмысы жандана бастаған компанияны қайтадан тығырыққа тіреуі мүмкін», – дейді мамандар.

Өскемен көшелерінде трамвайлардың жүре бастағанына алдағы айда 63 жыл толады. Еліміздегі ең көне көлік парктерінің бірі. 1990 жылы жекеменшікке өтіп, содан бері жыры бітпеді.Талай тоқтап, талай тығырыққа тірелді. Ақырында осыдан үш жыл бұрын мемлекет меншігіне қайта өтті. Содан бері  компанияның көзі ашылды. Алайда Ұлттық экономика министрлігі осы жолы аталған паркті қайтадан «жекешелендіруге тиіс» мекемелер жоспарына енгізіп қойыпты.

Михайл Чайка, Транспорттық компания басшысы:

- Трамвай паркі мемлекет қарамағында болуы керек. Осыған дейінгі жағдайдың барлығы мұның маңыздылығын көрсетті. Барлығы бізге келіп, Павлодардың трамвайын мақтай жөнеледі. Әрине, олар қалай жаман болады, өмір бойы мемлекеттің балансында болды ғой. Біз енді ес жиғалы жүргенде  тағы да 2025 жылға қарай жекешелендіру жоспарына енгізіп қойды. Бұл – бізді құрдымға кетіру деген сөз.

Мемлекеттік теңгерімге өткен үш жылдың ішінде біршама жұмыс атқарылды. 2 шақырым темір жол, 6 шақырым электр желісі жөнделді. Адамның қатысуынсыз қызмет көрсету жүйесі іске қосылды. Дегенмен парк ұжымы демеу қаржыға зәру. «Мемлекеттен көмек берілсе, көп нәрсе шешілер еді», – дейді олар. Мәселен, кадр тапшылығы. Жұмысы ауыр еңбеақысы аз салаға ешкім жоламайды. Шынар Қасымбаева таң қылаң бере трамвай тізгіндейді. Түн қараңғысына дейін. Қолына бар болғаны 120 мың теңге алады.

Шынар Қасымбаева, трамвай жүргізушісі:

- Еңбекақы аз, қазір өздеріңіз білесіздер,  бәрі қымбат, еңбекақы жетпейді, талай адамның басында несие, ипотека бар, кейде киінгің келеді, үйің бар, жолың бар.

Парк басшылығы қаншама рет субсидия алуға тырысыпты.Тек Әділет  министрлігі қажетті ережелерді тіркемей  келеді. Бір қызығы, Павлодар мен Теміртауда дәл осындай ережелер әлдеқашан бекітіліп қойған. Сондықтан бұл жерде қандай «гәп» барын транспорттық компания өкілдері түсіне алмай дал. Ал трамвай болса өскемендіктер үшін  сенімді қатынас көлігі.

Игорь Алексеев, қала тұрғыны:

- Бұрын  тіпті шеттегі жаңа ауданға травмай жүреді деп жоспарланған еді. Тіпті ол жұмысты бастаған да болатын. Алайда сол беті аяқсыз қалды. Мен үшін травмай ең тиімді көлік.

Шаһарда Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай безендірілген трамвай көпшіліктің сүйікті көлігіне айналған.

Меруерт Нұржанқызы, қала тұрғыны:

- Бұл трамвай ерекше десе болады, өйткені ол Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай жасақталған болатын.

Жалпы отыз шақырым жолды қамтитын рельспен қазір 15 трамвай қатынайды. Қанша жөндегенімен желінің 70-80% әлі де тозып тұр. «Егер субсидия беріліп, алдағы жекешелендіру тізімінен алынатын болса, жағдайды түзеу кеш емес», – дейді мамандар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин