Кентау қаласы қайтадан өндірістік шаһарға айналмақ

Өткен ғасырда мұндағы он бес ірі кәсіпорында 12 мыңға жуық адам жұмыс істеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылдары өндіріс орындарының саны қайтадан көбейіп, жұмыссыздар азайды. 

Жандос Жұмабек, тілші:

Кентау өткен ғасырда Қазақстанның машина жасау, металл өңдеу, тау-кен өнеркәсібі орталықтарының бірі болды. Мұнда аты Кеңес Одағына әйгілі экскаватор зауыты жұмыс істеді. Онда 4 мыңға жуық адам еңбек етті. 90-шы жылдары мұндағы зауыттар тоқтап, бұл жер қараусыз қалды. Тек осыдан екі жыл бұрын ғана Түркістан арнайы экономикалық аймағына кіріп, инвесторлар тартылды. Тіршілік қайтадан басталды. Биыл көктемде бетон шығаратын зауыт іске қосылып, қазір қарқынды жұмыс істеп жатыр.

Мұнда еден плиталары мен тұрғын үйдің іргетасына қолданылатын цемент блоктар шығарылады. Жоба құны – 1 млрд 200 млн теңге. Кәсіпорын басшысылығы бүгінге дейін инвестицияның тек 70% құйып, игерген. Қалғанын алдағы уақытта зауытты кеңейтуға жұмсамақ. Зауыт толық заманауи технологиямен жабдықталған. Автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді.  

Нұрлыбек Амантаев, зауыт директоры:

- Күніне біз жобамен 300-400 шаршы метр еден плиталарын шығарамыз. Сұраныс көп. Түркістан қаласының құрылысына үлесімізді қосып жатырмыз. Бізде жобамен 20-30 адам жұмыс істейді. Келешекте одан да көбейтсек деген мақсатымыз бар. Қосымша тағы да бетон бұйымдарын шығармақ деп отырмыз.

Бұдан бөлек, экономикалық аймақта кірпіш зауыты жұмыс істейді. Кәсіпорын биыл іске қосылды. Жылдық қуаттылығы 45 млн дана керамикалық кірпіш шығаруға қауқарлы. Жоба құны – 1 млрд 720 млн теңге. Мамандар алдағы бірнеше жылда кірпіш өндірісі жылына 4-5% өсетінін айтып отыр. Қазір мұнда 20-дан аса адам жұмыс істейді. Түркістан өңірін толықтай қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Нұрлан Рыспеков, зауыт директоры:

- Осы өңірді түгелдей қамтамасыз ете аламыз. Ең бастысы, бұл жерде сапа. Бұл өте сапалы кірпіш болады. Түгелдей автоматты болғандықтан бұл жерде көп адам жұмыс істемейді. Бұл неміс технологиясымен шығады, біз бірақ Қытайдың құрылғыларын орнаттық. Біздің инвесторларымыз – қытайлар.

Кентау қаласы аумағында экономикалық аймақтан бөлек индустриалды аймақ та жұмыс істейді. Онда механикалық, керамикалық және кислород аппараттарын шығаратын 5 жоба жүзеге асырылған.

Нұрдәулет Әлімжанов, қалалық Кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

- Алдағы уақытта Кентау қаласында 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Келер жылы екі жоба. Индустриалды және экономикалық аймақ аумағында көптеген дайын ғимараттар бар. Ол жерде электр энергиясы мен су өте төмен бағамен беріледі. Көптеген жағдай жасалған. Алдағы уақытта инвесторларды күтеміз, жұмыс істеуге дайынбыз.

Мамандар Кентау қаласының инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін айтып отыр. Ал инвестиция өндірісті өркендетеді, ал өндіріс қаланың экономикалық дамуына сеп болады. Бұдан бөлек, шаһарда шағын және орта бизнес жақсы дамыған. Халықтың жартысына жуығы осы салада еңбек етеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш