Қостанайдың орталығында көп қабатты үй құлағалы тұр

Қостанай қаласының орталығында көп қабатты үй құлап кетуі мүмкін. Жертөледегі тіреуіш қабырға жарылып, күннен күнге үгітіліп жатыр. Тұрғындар жан-жаққа шағымданғанымен нәтиже жоқ. Қалалық әкімдік не дейді? Ертең апат бола қалса, кім жауап береді? 

Тәуелсіздік көшесіндегі бұл үйдің сырты бүтін, іші түтін. Жертөледегі  тіреуіш қабырға сыздан жарылып, қисайып кеткен. Құлаудың алдында тұр. Апатты болдырмас үшін тұрғындар төбені өз бетінше бағаналармен тіреп қойыпты. Бірақ мұның бәрі уақытша. 

Иван Шкуратько, қала тұрғыны:

- Қабырғаның қалыңдығы бүтін екі кірпішке де жетпейді. Ар жағында жарты кірпіш, мына бетінде жарты кірпіш. Қалыңдығы шамамен 5-7 сантиметрдей болады.

Бүлінген қабырғаның жарықшақтары үшінші қабатқа дейін бойлап барады. Пәтер тұрғындары үреймен күнелтуге мәжбүр. Бір күні қабырға опырылып түсе ме деп қауіптенеді.

Наиля Гаджиева, қала тұрғыны:

- Жертөледегі сызат пәтерімнің қабырғасына зақым тигізді. Енді екінші қабатқа қарай бет алды. Әрине қорқынышты. Жанымызды шүберекке түйіп отыруға мәжбүрміз.

Жертөленің қабырғасы өткен айда жарыла бастаған. Тұрғындар дабыл қағып, түрлі мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырғанымен жауап  жоқ. Ажал құшпай тұрғанда жергілікті билік назар аударса екен дейді. 

Сақтаған Мұстафин, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының м.а.:

- Тұрғындардың өздері әрекет жасап, жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Себебі пәтер иелері өздері саналады. Сегіз жыл бұрын үй модернизациялаудан өткен. Бірақ сол кезде тұрғындардың қалауымен тек инженерлік желілері жаңғыртылды. Ал басқа құрылыс жұмыстары жасалған жоқ.

Зақым келген көлемді анықтау үшін әуелі сараптама жасалуы тиіс, дейді әкімдіктегілер. Бұл да тұрғындардың есебінен қаралады. Қалай дегенмен шарасызбыз деп қол қусырған шенеуніктер апатты үйдің жағдайын жоғарыға жеткіземіз деп отыр.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров