Радиологиялық емдеу қатерлі ісікті алдын алады

Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы радиология қызметі дамып келеді. Бұл туралы елордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылардың айтуынша, өкпе аурулары, жүрек патологиясы, онкологиялық ауруларды емдеуде радиологияны қолданудың маңыздылығы арта түскен. Осы саладағы Қазақстанның озық тәжірибесі мен үлгісіне алыс-жақын шетелдің мамандары қызығушылық танытып отыр.

Қазақстандық медицина да заман ағынына ілесіп, көп елден көш ілгерілеген. Оның ішінде радиациялық диагностика арқылы зерттеудің әдіс-тәсілдері молайған. Мысалы, рентгендік диагностика кез келген ағзадағы ауруды дөп басып, дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді. Сала мамандары дәл осы радиологиялық емдеу қатерлі ісіктің алдын алатынын айтады. Себебі  сәулелік емнің қатерінен шипасы басым. Қазіргі таңда жиі жасалатын компьютерлік томография да, рентгендік зерттеулер де осы саладағы диагностикалардың бірі.

Раушан Рахымжанова, Қазақстан радиологиялық қоғамының президенті:

- Бүгінде Қазақстандағы ядролық медицинаның қарыштап дами бастағанын білесіздер. Тіпті радиоактивті препараттар шығару да бір жолға қойылған. Яғни қазір медицинада ғылым мен инновация біте қайнасқан. Осы тұста еліміздегі радиологиялық қызметтің негізін қалаушы ғалым Жанғали Хамзабаевты ерекше атағым келеді. Ол сәулелік диагностика бойынша көптеген ғылыми еңбектер қалдырды.

Бүгінде радиация медициналық емдеу құралы ретінде кең қолданыста. «Сүт безі обыры, өкпе рагы және басқа да қатерлі ісік жасушаларын жоюға таптырмас ем», – дейді мамандар. Өйткені Қазақстанда аты жаман ауру азаймай отыр. Статистика да көңіл көншітпейді. Бүгінде 180 мыңға жуық науқас қатерлі ісікке шалдыққан. Бұл тек ресми есепке алынғандар саны. Сорақысы сол, бұл тізім жыл сайын 33 мың адамға көбейіп барады. Ал қатерлі дертпен күресте радиологиялық диагностика таптырмас сәулелік ем.

Райнер Риенмюллер, Еуропалық жүрек-қан тамырлары радиологиясы қоғамының экс-президенті  /Германия/:

- Жалпы радиациялық диагностика зерттеу әдісі ең тиімділердің бірі болып саналады. Сондықтан оның артықшылықтарын ескеру маңызды. Сәулелердің әсерінен қатерлі дерттің ісіктері азаяды. Тіпті ісіктің тарауын тежейді. Бұл жағынан Қазақстан көш ілгері келеді. Олай дейтінім осы салада заманауи медициналық технологияларды тиімді қолданады. 

Ғалымдар ядролық медицина қатерлі ісікпен күресте өте тиімді екені дәлелденген. Ал ондағы қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады. «Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ядролық медицина ерте диагностика арқылы қатерлі ісік және басқа аурулардан болатын өлім-жітімді азайтады», – дейді ғалымдар.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Арман Ақшабаев