Ақтөбеде тірі адам қайтыс болғандардың тізімінде жүр

Ақтөбелік қарияны емхана мамандары бақилық болғандардың тізіміне енгізіп жіберген. Ақпараттық жүйеде өлгендердің қатарында тұрған азаматтың барлық құжаттары бұғатталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зейнет жасына жеткенімен еңбек етіп, қосымша нәпақа тауып жүрген азамат банктегі есепшотындағы қаражатын да ала алмай отыр. 

Ромахан Кенжебаевқа өзінің қайтыс болғандығы туралы дәрігері хабарлапты. Суық тиіп, сырқаттанған зейнеткерге тиісті анықтама рәсімдемекші болған медицина қызметкері науқастың «көз жұмды» деген құжатын көріп, аң-таң болған. Дегенмен дереу өзіне хабарласып, мән-жайды жеткізген.

Ромахан Кенжебаев, қала тұрғыны:

– Менің учаскелік дәрігеріме алғысым шексіз. Хабарласып тез жетуімді өтінді. «Не боп қалды?» деп барғанымда компьютерді көрсетіп, сіз бақилық болыпсыз дейді. «Өлгені несі? Алдыңда тұрған жоқпын ба» дедім. Дереу халыққа қызмет көрсету орталығына баруға кеңес берді. Ол жерде де АХАЖ бөлімінде де көз жұмғандардың тізіміне еніп кетіппін. 

Қарияны көз жұмғандар тізіміне қаладағы нөмірі №4 емхана маманы енгізген. Дәрігер-статист өзге адамның құжатын толтыру кезінде ЖСН нөмірінен жаңылыпты. Ортақ жүйеге өлді деп тіркелген соң сәйкесінше өзге де құжаттары автоматты түрде бұғатталған.

Мереке Нұртазин, Ақтөбе қалалық №4 емханасының бас дәрігері:

Жаңылысып кеткен ғой. Ең соңғы ИНН цифрасын 1-дің орнына 2 деп жазып жіберген. адамның қателігі. Осы жетінің ішінде оның барлығын орнына келтіреміз.

Қазір медицина мекемесі өкілдері жіберген қателігі үшін зейнеткерден кешірім сұрап, барлық құжаттарды қайта қалпына келтіруге кіріскен. Рәсімдеуге жұмсалатын қаржыны да мойындарына алыпты.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков