Сүт безі обыры: алдын алуға бола ма?

Елімізде сүт безі обыры қауіпті дерттер қатарында бірінші орында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – бірден байқалмайтын ауру. Жасырын дендейтін ісікті тек маммолог мамандар ғана анықтай алады. Статистика да көңіл көншітпейді. Орта есеппен Қазақстанда жыл сайын дерт 5 мыңға жуық әйелден анықталады. Кеуде обырының алдын алу үшін не істеу керек?

Гүлшат Сүтемгенова осыдан үш жыл бұрын осы аурудың белгілері байқалғанда аса мән бермеген. Ауру жанына батқан тұста ғана дәрігерге жүгініпті. Өкінішке қарай, ол кезде сүт безіндегі обыр денеге тарап үлгерген. Қатерлі ісіктің 4-сатысында дегенді естіп жолдасы бірден шетел асып емдетті. Бір жылға созылған ем оңай болмағанын айтады. Қазір отандық дәрігерлердің қарауында.

Гүлшат Сүтемгенова, қала тұрғыны:

- Менде болуы мүмкін емес деп жүріп алдым. Жай шаршау, ауру шығар деп шыдап жүрдім. Мен емделіп жүргенде мен сияқты жас келіншектерді көп көрдім. Өкініштісі олардың кейбірі қазір дүниеде жоқ. Қайсысынан сұрасам да барлығы уақыт өткізіп жүріп алған.

Мамандар сүт безі қатерлі ісігі бірден байқалмайтынын айтады. Яғни кеудедегі ауруды әйел сезбеуі мүмкін. Әсіресе бала емізетін аналарға ерекше күтім қажет. Сүт безіндегі өзгеріс тек маммологтың тексеруінен кейін нақтыланады. Жылына бір мәрте қаралып тұруды әдетке айналдырған абзал. Қазір маммолог мамандармен қатар цифрлық маммограф аппараттары әр өңірде бар.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Қазақстанда 10 жылдан бері сүт безі обырын ерте анықтауға арналған Ұлттық скрининг жүргізіледі. Яғни 40-тан 70 жас аралығындағы кез келген әйел екі жылда бір рет осы тексеруден өтіп тұруы қажет. Маммологтар бұл тегін қызмет екенін айтады.

Маммолог-онкологтар бұл дерттің басты 6 белгісі барын айтады. Кеуде көлемі мен тері түсі өзгеріп, төс тығыздалса, қолтық астында түйін байқалса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. «Ал ауру ерте анықталса, оның емі бар», –дейді дәрігерлер. 

Жарылғасын Есмағамбетов, маммолог-онколог:

- Сүт безі обырын Қазақстанда емханалар немесе жеке медицина орталықтарында тексерілуге болады. Онда сүт безі ультра дыбыстық, ренгономаммография, немесе томосинтез тексерістері арқылы анықтауға болады. Маммолог дәрігердің қарауы керек. Көбінесе әйелдер кеудесінде бір түйін байқалса, батып ауырса, қатайып тұрса өздері келеді. Оның емі елімізде тегін емделеді.

Дәл осы қазан айында еліміздің әр өңіріндегі онкологиялық ұйымдарда маммологтар ашық есік күнін өткізіп, әйелдерге кеңес беріп жатыр. Онда сүт безі обырының алдын алумен қатар патологиясын ерте анықтау бойынша тегін дәрігерлік тексерістер жүргізілмек. Сақтықта қорлық жоқ. Скринингтен өтуді ұмытпаңыз!

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Серік Қоңырбаев