Жетісу облысында скринингтік тексерулер баяу жүріп жатыр

Мәселен, өңірде мұқтаж азаматтарды тексеру көрсеткіші 60% аспай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талдықорған қалалық емханасында биыл тік ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулерден 6 мың 380 адам өтуі тиіс еді. Алайда бүгінде барлығы 2 мың 687 тұрғын тексерілген. Бұл халықтың 42% ғана скринингтік тексерумен қамтылды деген сөз. Ал Қаратал, Алакөл аудандары 70% межеге енді-енді жуықтаған.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті қызметкерлері облыстық денсаулық сақтау саласының басшыларымен, дәрігерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Тимур Темірәлиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары:

 - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі денсаулық сақтау саласында атқарылатын жұмыстарға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Себебі жергілікті тұрғындардың көрсетілетін медициналық қызметтерге көңілі толмайды. Көптеген ауруханалар мемлекеттік сатып алу кезінде тұтынылатын заттардың бағасын тым қымбат етіп көрсетеді. Біз биыл оларға жанар-жағармай бағасын барынша түсірттік. Соның арқасында 70 млн теңгеден астам мемлекет қаржысы үнемделді.

Арман Жансеңгіров, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу, ескерту жұмыстары жүргізілуі өте дұрыс деп ойлаймын. Бірер күн бұрын ғана Талдықорғандағы облыстық Көпсалалы балалар ауруханасының есепшісі аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Қазір арнайы комиссия құрылып, тексеру жүріп жатыр. Бұл орайда айтарым, жұмыс барысында осындай әрекеттерге жол берген медицина мекемелердің басшылары да қатаң жазаға тартылатын болады.