Хаменованың ісі бойынша күтпеген мәлімдеме жасалды

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиевке және мердігер мекеме өкілі Адамовқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.

Бүгінгі сот отырысында мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиев күтпеген мәлімдеме жасады. Ол бұған дейін Хаменованың ақша талап еткенін растап,  жауап берген еді. Ал бүгін өзін Антикор қызметкерлерінің мәжбүрлегенін айтып отыр. Оның мәлімдеуінше, қызметкерлер істе жеңілдік болатынын және жазаға тартылмайтынын айтыпты. Осыған сеніп қалдым деген Ақылбек Рысқалиев, ойлана келе шындықты жарияламақ болыпты. Оған қоса судьядан бұған дейінгі берген жауаптарының жалған екені,  соңғы мәлімдемесін ғана ескеруді  сұрады. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 10 желтоқсанында Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу келісім-шартын жасауға «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовтан 4 млн 500 мың теңге көлеміндегі пара алған деген күдікке ілінген еді.