Қызылорда облысының үздік шаруалары автокөлік мінді

Сыр өңірінде биыл су тапшылығына қарамастан егін бітік шықты. Диқан қауым 188 мың 500 гектарға егін егіп, оның ішінде негізгі дақыл күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім жинады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Қызылорда облысы бойынша егін жинау науқаны дәстүрлі «Алтын дән» салтанатты шарасымен қорытындыланды. Еңбекші қауымды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев марапаттап, үздіктерге су жаңа автокөлік кілттерін табыстады. Елдегі күріштің 90 проценті Сыр өңірінде өндіріледі. Жыл сайын 100 мың тонна Сыр маржаны экспортқа шығарылады. Соңғы жылдары су тапшылығының дихан қауымды титықтатқаны рас. Дегенмен Президент деңгейіндегі пәрменді шаралар ала жаздайғы еңбектің күймеуіне кепіл болды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

– Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінен картоп, көкөніс, бақша егуге баса назар аударылып, оның көлемі 19 мың 500 гектарға жеткізілді. Ірі шаруашылықтар егіс егуге ынталы ауыл халқына 10-15 гектардан жер дайындап, нәтижесінде 6802 отбасы 1833 гектарға бақша өнімдерін егіп, жемісін көруде.

Даңқты дихан Ыбырай Жақаевтың ізбазарлары биыл күріш орағын ерте бастап, 10 қазанға дейін аяқтады. Олардың қатарында орта есеппен 70 центнерден өнім алған шаруашылықтар бар. Сондай-ақ әр гектардан 90-100 центнерден айналдырған күршші-звеноводтар да аз емес. Үздік шаруаларға су жаңа автокөліктің кілті табысталды.

Дархан Аринов, комбайншы:

Толық науқанда 32 мың 900 центнер бастым. Сол еңбегімді бағалап, автокөлік беріп жатыр.

Имамзада Шағыртаев, облыстың Құрметті азаматы:

– Президентіміздің араласуыменен біз мемлекетаралық өзімізге керекті суды алып, биыл соның нәтижесін көріп отырмыз. Мұндай марапаттар әр азаматты жетістіктерге жетелейді деп ойлаймын.

«Алтын дән» шарасында бірқатар сала қызметкері облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Айта кетейік, ертең диқаншылар мың тонна өнімді жәрмеңкеге шығарып, қала тұрғындарына 15-20 пайыз төмен бағада ұсынады.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов