Қостанай облысында кәсіпкерлікті қолдау күшейеді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіпкерліктің қызметіне заңсыз араласуға жол бермеудің жаңа тетіктері енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді бизнес өкілдерін қылмыстық қудалау, тергеу, тінту сияқты іс-әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің орталық аппаратының келісімімен ғана жүргізіледі. Кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын біліп отыру үшін әр өңірде ашық пікір алмасу алаңы құрылады. Қостанайда бизнес өкілдерімен болған  кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов осылай деді. Мемлекет кәсіпкерліктің дамуына барынша көмек-қолдау көрсетіп келеді. Қостанай облысында соңғы жылы жеке ісін ашқандардың қатары 7 процентке артып, жалпы бизнес нысандарының саны 62 мыңнан асты. 

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

Жалпы өңірде жақсы іскерлік климат қалыптасқан. Бизнес жүргізудің жеңілдігі жөнінен Қостанай облысының екінші орынды алуы сол сөзіміздің дәлелі. Бұл республикалық бюджеттің орындалуын бақылау бойынша есеп комитетінің және Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының берген рейтинг бағасы.

Мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығын арттырып, кәсіпкерлерді заңсыз іс-әрекеттерден қорғаудың жаңа механизмдері енгізілді. Енді жемқорлыққа қарсы департаментке негізсіз шақырылған әрбір адам қашықтан он-лайн бақылауда болады. Келесі кезекте бизнес саласына қатысты өзекті мәселелерді тұрақты түрде ортаға салып, бірлесіп шешуді ұсынып отыр.

Дмитрий Малахов, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:

– Тұрақты пікір алмасу алаңы құрылатын болды. Ол жерде кәсіпкерлерді мазалап жүрген мәселелерді талқылайтын боламыз. Галстуксыз, еркін жүздесу, біз «Бизнес сағаты» деген атау бердік. Жаңа форматта ешқандай нәтиже, сан қумай, сапаға жұмыс істейтін боламыз.

Бұл ұсыныс бизнес қауымдастығы тарапынан да қолдау тауып отыр.

Данияр Күзенбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Қандай да бір мәселелерді тез және тиімді шешудің бірден-бір жолы пікір алмасу алаңында жиі бас қосу. Ең басты мақсат – бизнестің алдында тұрған түйткілді тез және аз шығынмен шешу.

Әр өңірдің жемқорлық тәуекелдер картасы жасалады. Ол құжатта сол облыстың қылмыстың осы түріне бейім, осал тұстары көрсетіліп, соған орай алдын алу шаралары қолданылады. 

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров