Шымкентте сарқынды су құрамынан зиянды қалдықтар табылды

Жергілікті тұрғындардың арызынан кейін тексеру жүргізген экологтар осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таскен тұрғын алабын айналып өтетін каналдан сол маңдағы бау-бақша мен егістік алқаптар су алады. Тексеріс құрамында шектен тыс химиялық қоспасы бар сарқынды су іргелес зауыттан ағып келгені анықталды. Бірақ экология департаменті шарасыз күйде отыр. Өйткені тұрғындар арызын қайтып алған. Ал судан сынама алып, зертханалық талдау жүргізген экология департаментінің өкілдері тұрғындардың арызы болмаса, айып таға алмайтынын айтады.

Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Анализдің негізінде фосфаттар, нитрадтар, хлоридтердің белгіленген шектік мөлшерден асу фактісі анықталды. Егер арызданған тұлға қайтып арызын қайтаратын болса, бізге оны қарауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан бізде арызда көрсетілген мекемеге қандай да бір хаттама толтырып, әкімшілік айыппұл салып, тексеріс жүргізуге мүмкіндік жоқ.