Ақтөбе облысында Республика күніне орай 107 шара өткізіледі

Бұл туралы өңір әкімдігінде өткен брифинг барысында белгілі болды. Мерекелік бағдарлама қазанның 3 мен 25 аралығын қамтиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның аясында елдік пен бірлікті насихаттайтын қайырымдылық, экологиялық және патриоттық акциялар ұйымдастыру көзделіп отыр. Ал ең негізгі шаралардың қатарында қаланың орталық саябағында өтетін көпшіліктің қатысуымен әнұранның шырқалуы, ту көтеру салтанаты бар. Сондай-ақ бұл күндері өнер ұжымдары мен білім беру мекемелері де бірқатар шара өткізеді.

Серік Қонақбаев, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

– 25 қазанға дейін облыстағы барлық білім беру ұйымдарында тұрақты түрде «Атамекен» тақырыбында патриоттық диктант конкурсы, «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбында эссе конкурсы өткізіледі. «Тұғыры биік тәуелсіз Қазақстан» пікір сайыс турнирі, сондай-ақ облыстағы барлық жоғарғы оқу орындары мен колледждерде Республика күніне арналған ғылыми конференция, дөңгелек үстелдер өткізілетін болады.