Түркістан облысында ауыспалы егістік жүйесі қайта қолға алынды

Түркістан облысының шаруалары ауыспалы егістіктің арқасында күріш өсіріп, өнім көлемін еселеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде 600 гектарға себілген алқаптың әр гектарынан 80 центнерге жуық өнім алынды. Соңғы жылдары, қолданылмай кеткен бұл тәсілді Шардаралық шаруалар қайта игерді. Қожалық өкілдері дәнді дақыл өсірудің бұл тактикасы жер құнарын арттыруға көп көмегін тигізгенін айтып отыр. Шардаралықтар облыс аумағында 600 гектар егін даласын күріш алқабына айналдырған бірден бір аудан. Шаруалар оның 570 гектарына орақ салып, қамбаға 4 мың тоннадан астам күріш жинады. Былтыр қожалық иесі бұл алқапқа бидай еккен. Ауыспалы тәсілді қайта қолға алудың арқасында биыл күріш бітік шықты. Оны өңдейтін шағын цехты да іске қосып, 35 адамды тұрақты жұмысқа алды.

Ержан Қарабаев, шаруа қожалығының төрағасы:

Науқанның қызған уақыты. Биыл өніміміз жаман емес. Былтырғыдан дұрыстау. Ауыл шаруашылығы деген ол тұрақты емес қой. Мақтамыз биыл төмен болып тұр. Былтыр қымбат болды. Күрішіміз кейбір жылдары жақсы өтіп жатады, кейбір жылдары өтпей жатады. Сондықтан әрдайым Үкіметтің қолдауы керек қой.

Биыл қожалыққа жеңілдетілген процентпен су жаңа қос комбайн берілді. Ауылшаруашылығы техникасының бірін тәжірибелі механизатор Мизамбай Шалабай тізгіндеді. Зауыттан заманға лайықтап салынған агротехника жұмысты едәуір жеңілдетті, -дейді ол.

Мизамбай Шалабаев, механизатор:

Бұлардың өндірісі анағұрлым жоғары. Барлық жағдайды мынау манитордан көрсетіп тұрады. Мен көргеннің ішіндегі ең жоғарғы техника болып тұр қазір. 5 гектар жерді бұл шамамен 2 сағатқа жетер-жетпес орып шығады.

Биыл аудан көлемінде 57 мың 800 гектар жерге түрлі дәнді дақыл себілді. Ал қазір жиып-теру науқанның нағыз қызған шағы. Басты мақсат – ала жаздайғы еңбекті ысырапсыз жинап алу.

Ағатай Тәженов, Шардара ауданы әкімінің орынбасары:

– Жинап алынған өнім бойынша есептесек, гектарына 78-80 центнерден түсіп отыр. Енді 70 гектары толық орылып, жиналғаннан кейін нақты қанша центнерден шыққаны белгілі болады. Ауыспалы егістік ол міндетті түрде болуы керек. Бұрынғыдай кезең-кезеңмен жүрмей қалып еді. Қазір қайтадан шаруалар соны қолға алды. Мына егістікте биыл күріш егілсе, келесі жылы басқа дақыл егіледі.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар мемлекет тарапынан күзгі жиын- терім жұмыстарына 48 мың тонна жанар-жағармай бөлінгенін жеткізді. Нәтижесінде агроқұрылымдарға сұйық отынның литрі 200-202 теңгеден саудаланып жатыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов