Таразда қыруар қаржыға жүргізілген электр сымдары ұрланған

Тараздағы Көлтоған шағын ауданына 2 млрд 700 млн теңгеге жүргізілген электр сымдарын біреулер ұрлап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онымен қоймай, су құдықтарының қақпағын да тонаған. Бұл аудандағы жер учаскелері кезек күткен тұрғындарға беріліп жатыр. Қолды болған су жаңа инфрақұрылымның орнын кім толтырады? Шығынды, кім өтейді? Тараз тұрғыны Қанат Қадіров 2006 жылы жер кезегіне тұрған. 16 жылдан кейін Көлтоған шағын ауданынан ұлтарақтай жерін алды. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Себебі жер алып, қазығын қаққан аумақтағы электр сымдары ұрланып кетті.

Қанат Қадіров, Тараз қаласының тұрғыны:

– Жер алып жатқан тұрғынға осы жауапты органдар тапсырып беріп кетсе, сол жөн болатын еді да. Мына жерде қараусыз болып тұр ғой сол кезде. Олардың бәрін жүргізгеннен кейін, бір органға тіркеп қою керек еді. Әлде осы жердің болмаса, Көлтоғанның учасковыйлары жауап беру керек еді оған.

Көлтоғанда 1460 жер телімі бар. Мұнда газ, су, жарық желілерін жүргізу үшін республикалық бюджеттен 2 млрд 700 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. 2 жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталды. Бірақ қараусыз қалғандықтан 100ге тарта бағананың желісі қиылып, су құдығының қақпағына дейін қолды болған. Қазір шығын көлемі 52 млн теңгеге жеткен.

Әділбек Қарабек, Тараз қаласының тұрғыны:

– Бір жылдан бұрын бастап ұрланды. Пәленбай миллиард ақшаның ауаға ұшып бара жатқанымен тең деуге болады бұл тірлікті. Қарапайым халыққа обал болатын тірлік болып тұр мына жерде.

Ұрлыққа байланысты қала әкімдігі құзырлы органға жүгінген. Бүгінде тергеу жұмыстары басталды. Ал нысанның қараусыз қалуына құрылыс бөлімі кінәлі дейді. Жер телімдерін иелеріне рәсімдеп болғанша ауданға күзет қойылуы тиіс екен.

Нұрбол Қалдыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

– Реті бойынша мердігер пайдалануға берілгенше өзі жауап береді. Пайдалануға берілгеннен кейін құрылыс бөлімі жауап беру керек. Алайда бұл жақта құрылыс бөлімі тарапынан конкурстық рәсімдер созылып қалған. Соған байланысты уақытылы мынау күзетші мекеме анықталмаған.

Шаһар басшылығы кінәлілер анықталса, шығынды өтеп аламыз дейді. Олай болмаған жағдайда бюджеттен тағы да қаржы сұрамақ. 

Мерей Бает Бақытжан Бапаев Руслан Ахатіллә