Жамбыл облысында өмірден озған жандардың атына пәтер кезегі жазылған

Жамбыл облысында өмірден озған 257 адамның аты-жөні тұрғын үй кезегінде жазулы тұрған.  

Кейбірі тіпті 12 жыл бұрын бақилық болыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент мамандары облыс бойынша алты мыңға жуық адамның пәтер кезегінде заңсыз тұрғанын анықтады. Олардың 3415-нің баспанасы бар болып шықты, ал 2 мыңға жуығы мұқтаж ретінде есепке алынғаннан кейін некеге тұрған. Ал 17 азамат шетелде өмір сүреді. 81 адам Жамбыл облысында тіркелмеген. Қазіргі уақытта пәтер кезегін сараптау жалғасып жатыр. Жалпы облыс бойынша тұрғын үй кезегіне 37 мыңнан аса адам бар.

Айбек Әжібаев,  облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  департаментінің бас маманы:

- Яғни заңнамалық талаптарға сәйкес, оларды кезектен шығару керек болатын. және де бұл жұмысты тұрғын үй қатынастары бөлімі жасау керек болатын. Алайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл жұмыс жүргізілмегендіктен біз мониторинг нәтижелерін Тараз қаласы мен аудандық әкімдіктерге жолдап, қазіргі таңда 1075 азамат кезектен шығарылды. Алдағы уақытта қалған 4650 азамат бойынша заң талаптары бойынша кезектен шығару бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады.