Түркістан облысында әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды

Түркістан облысында қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталық жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Созақ ауданы Шолаққорған ауылында «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Мұнда қарттар мен қамкөңіл жандарға қандай қызмет түрлері көрсетіледі? «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты жақында ғана пайдалануға берілді. Бұрын ауданда мұндай орталық болмаған. Жергілікті билік нысанға 36 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен.

Кеңес Сәрсен, зейнеткер:

Бұл маған өте тиімді болды. Күнде келемін бильярд, шахмат, үстел теннисін ойнаймыз.

Орталықта қариялардың қимыл-қозғалысына пайдалы ойын түрлерінен бөлек, миды тынықтырып, тыныс жолдарын емдейтін тұзды және массаж бөлмесі де қарастырылған. 

Базарбай Тоқпаев, бірінші топтағы мүгедек:

– Мынау өкпе жолдарына көп пайдасы бар сияқты. Бірінші рет келіп, емін қабылдап жатырмын. Өзіме ұнап жатыр.

Сондай-ақ мұнда мүгедектер мен олардың отбасына психологиялық көмек көрсетіп, жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін білікті мамандар бар. Азаматтар тұрмыстық және әлеуметтік дағдылар мен қатар техникалық құралдарды пайдалануды да үйренеді.

Марат Оспанов, әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

– Бұл жерде барлығы 17 адам жұмыспен қамтылды. Оның оны маман. Психолог, заңгер, әлеуметтік екі маман бар. Оның бірі зейнеткерлерге, екіншісі мүгедектерге әлеуметтік кеңес береді.

Мұнда келушілер салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын түзейді. Мамандардың айтуынша, орталыққа күніне 30-ға жуық адам келіп, әлеуметтік қызметтерді пайдаланады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш